Бостандық ауданында автоматты суару жүйесі салынып жатыр

9 Шілде, 2025

Бостандық ауданында жасыл аумақтарды абаттандырудың бір бөлігіне айналған суару жүйесін салатын үлкен жоба іске асырыла бастады. Бұл жергілікті тұрғындардың бастамасы мен «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының қолдауының арқасында қолға алынып отыр.

Өткен жылы Бостандық ауданының 10 учаскесінде автоматтандырылған суару жүйелері орнатылды. Жасыл аймақтардың тағы төрт бөлігі осы заманғы суару жүйесімен жабдықталады. Бұл сусырап тұрған ең керек жерлерді үзбей суарып отыруға мүмкіндік бермек.

«Қазіргі шақта ауданда жасыл-желектің 310 гектары суару жүйесімен қамтылды. Бірақ біз жыл сайын суаратын аумақты ұлғайтып жатырмыз. Былтыр бізде 312 мың шаршы шақырымды қамтыған 10 жоба болса, биыл тағы 110 мың шаршы шақырым болатын 5 жобаны қостық. Әл-Фарабидың оңтүстігі мен солтүстік бетін жасадық. Кейбір су тимеген жерлер де қосылды. Оның арасында Гагарин бульвары, Гагарин көшесінің жанындағы алаң, Абай мен Тимирязев көшесі де бар. Көшелер көп, негізі», - дейді Санжар Әлин.

Орталықтанған жүйесі жоқ аумақтарда бұл жұмысты әзірге суару машиналары мен мотопомпалардың көмегімен істеп жатыр. Мердігерлер суару кестесін қатаң сақтап, өсімдіктерді күтіп-баптауды бақылауға алған.

Бұған дейін көп ауданның инфрақұрылымы ескіріп, бар жұмысты қолмен істеп, оның өзі тұрақты жасалмайтын. Соның кесірінен ағаш мен бұта біткеннің күйі нашар болып, көгалдандыру жағына да көңіл толмай жүрген.

Автоматты суару жүйелері осы заманға стандарттарға сай етіп жасалады. Оған жерасты құбырлары, ауа-райы датчиктері мен орталықтандырылған басқару кіреді. Сорғы жабдықтары орнатылады, су жинауға арналған резервуарлар қойылып, суару желісі сұйылтылады.

Тұрақты күтім жасайтын бұл жүйелер жасыл-желекке өте пайдалы. Бұл бұрыннан бар екпелерді сақтап қана қоймай, аймақтағы микроклиматты да айтарлықтай жақсарта түседі.

«Көріп тұрсыздар ғой, Әл-Фарабиде мұндай ешқашан болмаған. Биыл ерекше құлпырып, көкке оранып тұр көше. Бригадалар үнемі кезекшілік жасап, су жіберіп, жүйені толтырғаннан кейін реттеумен айналысады. Осының бәрі үздіксіз жұмыс істеуі үшін қаншама адам еңбек етіп жатыр қазір», - дейді Санжар Әлин.

Болашақта ауданның барлық жасыл аймақтарын тамшылатып, автоматты суару жүйесіне біртіндеп қосу жоспарланып отыр. Бұл суды үнемді етіп пайдалануға, жасыл-желекті жыл бойы күтіп ұстауға мүмкіндік бермек. Құрылыс жұмысы алдағы айларда аяқталып қалады.

Бөлісу: