Live
Бостандық ауданында «Халық қатысатын бюджет» аясында қоғамдық кеңістіктер мен аула аумақтары абаттанып жатыр
8 Шілде, 2025
Бостандық ауданында қоғамдық кеңістіктерді абаттандырып, жайлы қалалық ортаны қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс істеліп жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында аудан әкімі Санжар Әлин осы жұмыстың барысын баяндап берді.
Тұрғыт Өзал көшесінен Байзақов көшесіне дейінгі жаяу жүргіншілер аймағы, Абай даңғылы мен Сәтбаев көшесінің аралығындағы Желтоксан көшесі бойы, Абай мен Гагарин даңғылының қиылысындағы алаң мен Гагарин даңғылы бойындағы бульвар да абаттанған. Онда балалар мен спорт алаңы, жаңа орындық орнатылып, жарық қойылып, көгалдандыру жұмысы жүргізілді.
Биыл ақпан айында Назарбаев даңғылы бойындағы бұрынғы резиденцияның орнында жаңа алаң салына бастады. Аудан әкімдігінің мәліметінше, бұл алаң қала тұрғындарының серуендеп, таза ауада демалуына арналмақ. Жұмыс 2025 жылдың қазан айында аяқталады.
2026 жылдың сәуір айында ұзындығы 5,7 шақырым болатын Үлкен Алматы өзенінің жағалауын (плотинадан бастап Абай даңғылына дейін) қайта жаңалау жұмыстары да аяқталып қалмақ. Жоба аясында бетон тіреуіш құрылымдар жаңартылып, жаяу жүргінші көпірі, балалар мен спорт алаңдары, көше жиһаздары орнатылып, велосипед жолы салынады.
«Жыл соңына дейін біз «Атакент» Көрме орталығының айналасын абаттандырып, жаңа «Оңтүстік» саябағын салу сияқты екі үлкен жобаны іске асырамыз. Бұл ауданның жасыл инфрақұрылымын кеңейтіп, тұрғындарға сапалы қоғамдық кеңістік ұсынуға мүмкіндік бермек», – деді Санжар Әлин.
Су бұрқағын жаңартуға да назар аударған. Мамыр айында Республика алаңы мен қалалық әкімдіктің алдындағы алаңның жанындағы фонтандар күрделі жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстар 2025 жылдың қазан айында аяқталады.
«Қалалық әкімдіктің қолдауының арқасында Ерменсай шағын ауданындағы Керенқұлақ өзенінің арнасын абаттандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл жерде Терренкурға ұқсас демалыс аймағы жасалады. Жобаны жүзеге асыру 2026 жылға жоспарланған», – деп толықтырды аудан әкімі.
Бостандық ауданында «Халық қатысатын бюджет» (ХҚБ) бағдарламасы аясында да жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр. 2024 жылы жалпы сомасы 2,8 млрд теңгеге 50 жоба іске асырылды (оның ішінде 14 жоба – балалар мен спорт алаңдарын жөндеу, 15 – қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, 13 – автосуару жүйесін орнату, 6 – жарықтандыру, 2 – арық жүйесін салу мен абаттандыру). 2025 жылға 2 млрд теңге бөлініп, тұрғындар дауыс берген 26 жобаны іске асыру басталды.
«ХҚБ аясында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобаның бірі – Торайғыров көшесін Сайын көшесінен бастап Әбіш Кекілбайұлы көшесіне дейін абаттандырып шығу. Мұнда балалар мен спорт алаңдары, веложолдар, көше жиһаздары мен камералары бар жаңа үлгідегі жаяу жүргіншілер аймағы жасалады. Сондай-ақ бұл аумаққа 1 500-ден астам бұта пен 500 түп ағаш егуді де жоспарлап отырмыз», – деді Санжар Әлин.
Сөз соңында аудан әкімі 2025 жылы Бостандық ауданында 70 аула абаттанғанын атап өтті.