Live
Гагарин бульвары қайта жаңарды
9 Шілде, 2025
Бостандық ауданында, Гагарин бульварының Жандосов көшесінен Абай даңғылына дейінгі бөлігінде заманға сай жаяу жүргіншілер аймағын құру жобасы аяқталды. Бұл бастаманы тұрғындардың өздері көтеріп, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Аудан әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар қызметімен бірлесіп өткізген пресс-туры кезінде журналистер сондағы абаттандыру жұмысымен танысып қайтты.
Жоба басталғанға дейін бұл жақ күрделі жөндеу көрмеген. Инфрақұрылым қараусыз қалып, жарық болмай, ескі шамдар да жөнді жұмыс істемей, орнындықтары да олқы-солқы болып жататын.
«Біздің мұнда тұрып келе жатқанымызға көп жыл боды. Бульварды нағыз серуендейтін жерге айналса деп армандадық. Қап-қараңғы болып тұратын, орындықтары да ескірген, ыңғайсыз еді. Демалу былай тұрсын, тізе бүгіп отыра алмайтынсың тіпті. Сосын көршілерді жинап, ақылдасып, ақыры осындай өзгеріске қол жеткіздік», - дейді бастама көтерген тұрғындар.
Жаяу жүргіншілер аймағы «адамдарға арналған қала» қағидаты бойынша қайта ойластырылып, тротуарлары кеңейтіліп, жүгіру жолы мен жаңа көгал төселіп, жарық беріліп, жаңа демалыс аймағы жасалды. Аумақ түгел тазартылып, инженерлік желілер де ауыстырылып, жаңа жабын төселді. Олардың әрқайсысын жергілікті тұрғындармен ақылдасып отырып жасаған.
Бостандық ауданының әкімі Санжар Әлиннің айтуынша, бұл аумақ толыққанды қоғамдық кеңістікке айналып, қазір онда барлық жастағы тұрғындар демалысын жайлы етіп өткізіп жатыр.
Жоба аясында жүзеге асырылды:
* тактильді плиткалары бар кең тротуарлар,
* жүгіру жолы,
* ағаш перголалары бар демалыс аймақтары,
* балалар ойын алаңдары,
* мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзивті ойын алаңы,
* жастарға арналған воркаут-аймақ,
* автоматты суару жүйесі,
* 1000-нан астам бұта мен 200 ағаш отырғызу,
* заманауи жарықтандыруды орнату
* бульвардың бүкіл ұзындығы бойынша жаңа ыңғайлы орындықтар.
«Тұрғындардың өтінішімен скандинав жолын, спорт пен инклюзивті алаңдар аштық. Мұның бәрін жолды кесіп өтпейтіндей етіп жасап шықтық. Кешке таман бұл жерде демалып, қыдырған адамдар өте көп жүреді», - деп қосты Санжар Әлин.
Жоба 4,8 гектардан астам аумақты қамтыды. Абаттандыруға дейін серуендеп, демалатындай мүмкіндік болған жоқ мұнда. Қазір Гагарин бульвары қала тұрғындарының белсенділігінің арқасында адам танымастай болып өзгерді.