Полицияның көзі, құлағы һәм тілі

23 Маусым, 2025

Алматы полициясының ресми өкілі, төрт баланың анасы, полковник Салтанат Әзірбек – 20 жылдан астам уақыт бойы тәртіп сақшыларын қоғаммен байланыстырып келеді. Қазақстан полициясы күніне орай қызметті де, аналық міндетін де қатар алып жүрген жан туралы айтпақпыз.

Бүгін – Қазақстан полициясының құрылғанына 33 жыл. Осы уақытта Алматы полициясының тыныс-тіршілігін халыққа жеткізу – Салтанат Әзірбектің міндеті болды. Қоғамда дүрбелең тудырған қылмыс ашылған кезде, оқыс оқиға болғанда, халық әлдебір іске байланысты жауап күтсе, экраннан үнемі Салтанатты көреміз.

Полиция полковнигі Салтанат Әзірбек бір мезетте бірнеше маңызды міндетті атқарады: Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі, ақпараттық саясат басқармасының баспасөз қызметін басқарады.

Салтанат Қуанышбекқызы Қазақ мемлекеттік заң университетінің (ҚазГЮА) тергеу-криминалистикалық факультетін тәмамдаған. Студент кезінен-ақ «Оңтүстік астана» телеарнасында криминалдық жаңалықтарды даярлап, алғашқы еңбек жолын сонда бастаған. 2003 жылы ішкі істер органдарына қызметке орналасып, баспасөз қызметінің инспекторы болып еңбек етті. Бес жылдан кейін бұл қызметтің басшылығына көтерілді.

«Бұл – тек жұмыс емес, үлкен жауапкершілік. Себебі ақпарат жинап, оны жеткізумен шектелмейсіз. Қоғам мен полиция арасындағы сенімді нығайту – басты міндетіміз. Әрдайым дайын болу, түсіндіру, бағыт беру – осының барлығы қызметтің ауқымындағы шаруалар. Бұл – үлкен еңбек, мен оны абыроймен атқаруға даярмын», – дейді Салтанат.

Полиция қызметі – тек камера алдындағы жұмыс емес. Салтанаттың өзі де бірнеше рет қауіп-қатерге тап болған. Мысалы, аға лейтенант шенінде көлік ұрлаумен айналысқан екі адамды жалғыз өзі қолға түсірген. 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде үш айлық нәрестесін үйде қалдырып, әріптестерімен бірге полиция департаментінің ғимаратын да қорғаған.

«Әрине, қиындық болды. Бірақ мен әрдайым әйелге тән қасиетімді, адамгершілігімді жоғалтпауға тырыстым», – дейді ол.

Қауіп-қатерге толы қызметке қарамастан, Салтанаттың үлкен, ұйымшыл отбасы, екі ұлы мен екі қызы бар. Айтуынша, декреттік демалыста көп бөгелмей, босанған соң 40 күн өткенде қайта жұмысқа шығып отырған.

«Төрт балам бар. Үлкен қызым – 17-де, ұлым – 16-да, кенже қызым – 6 жаста, кенже балам – 4 жаста. Әрине, таңдау жасау керек болатын сәттер көп кездесті. Мен әрқашан қызметті таңдадым, бірақ одан отбасыма зиян тиген жоқ. Неге дейсіз бе? Үлкен балаларыма кішкентай кезінде қайын жұртым көмектесті, қазір кішкентайларға үлкендер қарайласады», – дейді Салтанат.

Бос уақытында Салтанат жұмысты былай ысырып қойып, үй-ішіне көңіл бөледі. Бәрі бірге саяхаттап, бірге қыдырғанды, кейде тыныш қана үй шаруасымен айналысқанды да ұнатады.

«Үйде менің шенім де, қызметім де жоқ. Мен – анамын. Жай ғана жармын, әпкемін. Әрине, күтпеген шұғыл жағдайлар болып тұрады, біздің жұмыс сондай өзі. Бірақ балаларым оған үйренген, аналары шұғыл жұмыс істесе, үндемей күту керек екенін біледі», – дейді ол.

Салтанат Әзірбектің айтуынша, полиция қызметі – тек жұмыс емес, бұл – күн сайынғы ерік-жігер сынағы, табандылықты талап ететін міндет. Халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін әрдайым дайын болу қажет. Полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысы да оңай емес: түн ортасында қоңырау түсіп, кейде жылдам шешім қабылдауға тура келеді.

«Өткен уақыт ішінде біз полицияның күшті, әділ әрі адамгершілігі жоғары бола алатынын көрсеттік. 2025 жылдың басынан бері Алматыда қылмыс деңгейі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13%-ға төмендеді. Бұл – жай ғана статистика емес, бұл – сіздердің ұйқысыз түндеріңіз, іссапарларыңыз, ыстық пен суықта, жаңбырда атқарған еңбектеріңіз. Мен осындай ақылды, мықты, адал әріптестермен жұмыс істейтініме мақтанамын. Баршаңызға мықты денсаулық, береке, жан тыныштығын, еңбегіміз халықтың жүрегіне жол табуын тілеймін», – дейді Салтанат Әзірбек.

Бөлісу: