Live
Алматыда жыл басынан бері 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды
18 Маусым, 2025
Алматыда 2025 жылдың басынан бері 20,2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтитын іс-шараға тартылды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Әділет Жанабаев осылай деді.
Орталықтың дерегі бойынша, олардың ішінде алматылықтардың 14,9 мыңы тұрақты және субсидияланатын жұмысқа орналасқан. Жыл соңына дейін қалада кемінде 87,2 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланыпты.
«2024–2029 жылдарға арналған Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында биыл Алматыда 8,3 мың жаңа жұмыс орны ашылды, оның 98,2 пайызы — тұрақты жұмыс. Жалпы жоспар бойынша 2025 жылы 87,2 мың жұмыс орны құрылуы тиіс, оның 73,3 мыңы – тұрақты жұмыс», – деді Әділет Жанабаев.
Сонымен қатар, 1,7 мыңнан астам жас кәсіпкер «Бастау Бизнес» жобасы аясында қолдау алған. 3 мыңнан астам азамат кәсіби оқудан өтті – олардың 2 831-і онлайн түрде (skills.enbek платформасы арқылы), ал 167-сі офлайн форматта білім алған. Бұдан бөлек, 17,5 мыңға жуық мектеп оқушысы, студенттер мен жұмыссыз азаматтарға кәсіби нұсқау берілді.
Қысқамерзімді кәсіби оқыту мен жастар тәжірибесі бағдарламалары да сәтімен іске асып жатыр.
«Бағдарлама шеңберінде мемлекет оқып жатқан азаматтарға ай сайын 43 574 теңге көлемінде стипендия немесе 20 АЕК мөлшерінде еңбекақы төлейді. Сонымен қатар, оқу орталықтарына немесе жұмыс берушілерге оқытқаны үшін мемлекет ай сайын 70 мың теңге тағы төлейді. Оқу бітіргендерді жұмыс беруші кем дегенде 6 айға жұмысқа алуы тиіс», – деп түсіндірді спикер.
2025 жылдың 16 маусымындағы жағдай бойынша оқуға 167 адам жолданған, олардың 70-і оқуды аяқтап, 47-сі жұмысқа орналасқан. Қазіргі уақытта 31 мамандық бойынша 763 бос жұмыс орны бар. Олар: тігінші, шаштараз, автоэлектрик, кондитер, сатушы және т.б. кәсіптер.
Жастар тәжірибесі бағдарламасы — жұмыс тәжірибесі жоқ жас мамандарға мамандығы бойынша алғаш рет жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Биыл осы бағдарламамен 236 адам жұмысқа тұрыпты. Электрондық еңбек биржасына 1 218 хабарландыру арқылы 1 554 бос жұмыс орны тіркелген.
Жүзеге асырылып жатқан іс-шаралардың нәтижесінде Алматы қаласында жұмыссыздық деңгейі 4,6%-дан 4,5%-ға дейін төмендеді.
Сонымен қатар, жұмыссыз азаматтар кәсіби дағдысын тегін растау мүмкіндігіне ие болды. Осыған арнап ваучерлік жүйе енгізілген.
«Бір реттік ваучер әр азаматқа кәсіби біліктілігін растап, жұмыс тәжірибесі мен дағдысын дәлелдеуге мүмкіндік береді. Бұл жұмысқа орналасуды жеңілдетеді. Ваучерлерді кәсіби біліктілікті тану орталықтары береді және жұмыссыздарға бұл қызмет тегін», – деп атап өтті Жанабаев.
Ваучер алу үшін азаматтың «жұмыссыз» мәртебесі болуы, Career Enbek платформасына тіркеліп, жеке кабинет арқылы онлайн өтініш беруі тиіс. Біліктілікті тану мына сала бойынша жүргізіледі:
• туризм;
• қонақ үй бизнесі;
• ақпараттық технологиялар;
• әлеуметтік қызмет көрсету.
2024 жылы Алматыда еңбек қызметін жалғастырғысы келетін белсенді зейнеткерлерге қолдау көрсету үшін «Алтын жас» жобасы іске қосылды. Қазір осыжобаның аясында 272 зейнеткер жұмысқа орналасты. 2024–2026 жылдарға арналған жалпы жоспар — 1 500 адамды қамту.
«Мақсатымыз — еңбекке қабілетті барлық азаматты жұмыспен қамтудың тиімді тетіктерін жасап, мемлекеттік қолдауды толық іске асыру», – деді Әділет Жанабаев