Live
Алматыдағы кардиологиялық орталықта жыл сайын 10 мыңға жуық адам емделеді
15 Маусым, 2025
Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жақындап қалса да, Алматы қалалық кардиологиялық орталығында жұмыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Мұнда күнделікті жоспарлы әрі шұғыл емдеу шаралары қатар жүріп жатыр.
Орталық соңғы жылдары емдеу мен диагностиканың жаңа әдістерін енгізіп, жұмыс тиімділігін едәуір арттырған. Соның арқасында жыл сайын 10 мыңға жуық пациент ем қабылдайды. Мамандар ота жасау мен протездеудің әлемде қолданылып жүрген тың тәсілдері пайда болысымен, оларды дереу тәжірибеге енгізетінін айтады.
Орталықта емделіп жатқан Зайнап Мұстафина осында бір апта бұрын түскен. Қазір жағдайы жақсарып, дәрігерлермен емін-еркін сөйлесіп, серуендеп жүр. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында дәрігерлерге деген ризашылығын білдірді.
«Барша дәрігерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Дендеріне саулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тілеймін», – дейді Зайнап Мұстафина.
Орталық мамандарының айтуынша, жүрекке жыл сайын 550-ге жуық ашық операция жасалады. Олардың 40 пайызы – ауыр науқастар. Былтыр дәрігерлер жүрек тамырлары 100 пайызға дейін бітеліп қалған науқастың өмірін аман алып қалған.
270 орындық Алматы қалалық кардиологиялық орталығы – жүрек-қан тамыры жүйесіне байланысты дертке шалдыққан қала тұрғындарына жоғары мамандандырылған көмек көрсететін бірегей мекеме.