Miss Qazaqstan 2025 байқауы алғаш рет Алматы метросында өтеді

18 Маусым, 2025

Ұлттық Miss Qazaqstan байқауы тар шеңберден шығып, тың форматта өтпек. Елдің мәдени өміріндегі ең жарқын оқиға алғаш рет жер астында – метрода ұйымдастырылғалы отыр. Байқаудың финалына Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы метро станциясын таңдаған. Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында, байқаудың директоры Айжан Рузаева мұның артында қандай идея тұрғанын айтты.

Айжан Рузаеваның айтуынша, метро кеңістігі – қазіргі урбанистика мен мәдени өзгерістің символы. Сондықтан биылғы тақырыбын «Таңдау еркіндігі» деп қойыпты. 

«Алматының метросы — мәдени алаң да. Біз байқауды халыққа жақын еткіміз келеді. Архитектура мен қалалық атмосфера аясында өтетін финал нағыз есте қаларлық оқиға болмақ», — деді Айжан Рузаева.

Биылғы шоу концепциясы сұлулықты, сәнді, қалалық эстетика мен замандық технологияны үйлестірмек. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің есімімен аталған станция байқаудың мән-мағынасын да аша түскен.   Ұйымдастырушылар мұның кездейсоқ шешім емес екенін айтады: метро — түрлі оқиғалар мен тағдырлар да тоғысқан жер.

Кастинг-директор Дильназ Махмудованың айтуынша, қазір 15 қалада, Павлодардан Талдықорғанға дейін іріктеу кезеңі өтіп жатыр. Биыл қатысатындардың сыртқы сұлулығына ғана емес,  ішкі жан дүниесіне, әлеуметтік белсенділігіне, көзқарасына да ерекше мән берген.

«Бізге жай ғана сұлу қыз емес, ойы терең, шабыттандыра алатын, қазіргі қазақ әйелінің – еркін, батыл, саналы тұлғасын аша алатын арулар керек», — деді Дильназ Махмудова.

Байқаудың PR-менеджері Күралай Құрман финал өтетін орынның ерекшелігіне де тоқталды.

«Miss Qazaqstan байқауын сән сахнасы етіп қана қоймай, әркім өзін көрсететін, шабыт сыйлайтын еркін алаңға айналдырғымыз келеді. Сұлулық деген – шектеу емес, адам өз ойындағысын ашық айтатын үлкен мүмкіндік те екенін де қоғамға жеткізбекпіз», — дейді ол.

Miss Qazaqstan 2025 байқауының мәресі жай ғана сәнді шара емес, нағыз мәдени манифест болмақ. Көркем сахна, цифрлық технология, жанды музыка мен ерекше сәулет тоғысқан оқиғаны қала тұрғындары да тамашалай алады.  

Бөлісу: