Алматылық дәрігер жазда баланы қалай бақылау керектігін айтты

29 Мамыр, 2025

Қауіпсіздік қаперден шықпасын: Алматылық дәрігерлер ата-аналар мен балаларға қауіпсіздік ережелерін үйретті

 

Өңірлік коммуникациялар қызметінде, Балаларға жедел медициналық көмек орталығының қабылдау бөлімінің меңгерушісі, балалар хирургы және травмотолог Мейіржан Құрманәлиев балаларды оқыс оқиғадан қалай және қайтіп қорғауға болатынын айтып берді.

 

«Балалардың жарақат алуы да жасына қарай болады. Мектепке дейінгі жастағылары көбіне ересектер дұрыс қарамағандықтан жазым болып қалып жатса, оқушылар жағы ойнап жүріп, бірнәрсені ұстаймын деп жүріп жарақат алып жатады», - дейді Мейіржан Құрманәлиев.

 

Осыған қарағанда, жарақат алғандардың көбі - оқушылар. Оған мектепке барғаны, үлкендердің бақылаусыз жіберіп алғаны сияқты бірнеше себеп түрткі болады. Маманның айтуынша, аулада жүріп, ойын ойнап, спортпен айналысып жүріп алған жарақат бірінші орында тұр.

 

Балалардың жарақаттанып қалуының негізгі себептері:

Балаға қарамағаннан (45 %);

Баланың байқамай жарақат алуы (25 пайыз);

Оқыс оқиға (2%);

Жол-көлік оқиғасы мен басқа да себептер.

 

Алматы қаласындағы балалар ауруханаларының қабылдау бөлімдеріне (№ 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы мен Балаларға жедел медициналық көмек орталығы) бір жыл ішінде 104 мыңнан астам науқас жедел медициналық көмекке жүгінді, оның ішінде 21,8 мыңы нейрохирургия және 48 мыңға жуығы травматология бойынша. Нейрохирургиялық диагнозбен 3,3 мың науқас ауруханаға жатқызылса, 3,9 мыңға жуығы жарақат алған. Күйік алған 1,6 мың адам көмекке жүгініп, оның 1 мыңнан астамы ауруханаға жатқызылды. Осы жылдың бес айында Алматы қалалық Балаларға жедел медициналық көмек орталығының қабылдау бөліміне 19,6 мың бала түсті.

 

«Біздің дәрігер-травматологтар күнделікті әртүрлі жастағы балалардың ата-анасымен кездесіп, баланы жарақаттанып қалудан қалай қорғауға болатынын айтып, дәріс оқиды. Травматология бөлімінің кешенді жұмыс жоспарының аясында пациенттерге, олардың ата-анасына арнап сауат ашатын семинарды да қоса өткізіп жатырмыз», - деп толықтырды маман.

 

Балалар жарақаттанып қалмас үшін дәрігердің ата-аналарға берген кеңесі:

- жол қауіпсіздігі туралы балалармен үнемі әңгімелесу керек; 

- шұғыл көмек қызметінің нөмірі ыңғайлы жерде жазулы тұрсын;

- балаңызға қауіпсіздік ережесін түсіндіріңіз; 

- дәрі-дәрмекті баланың қолы жетпейтін жерде ұстаңыз; 

- судың маңында баланы қараусыз қалдырмаңыз.

Бөлісу: