Алматыда Абай даңғылының ұзарған бөлігінде қозғалыс ашылды

30 Мамыр, 2025

Алматыда тұрғындардың қала ішіндегі қозғалысын арттыру және Алматы агломерациясын дамыту мақсатында радиалды жолдар ұзартылып жатыр. Бүгін Абай даңғылының қала шекарасына дейінгі ұзарған бөлігінде қозғалыс ашылды.

Қалалық мобильділік басқармасы Строительная көшесінен қала шекарасына дейінгі соңғы 600 метрлік жолдың бойындағы жұмысты аяқтады. Қазіргі уақытта жолдың екі жағында жаяу жүргіншілер жолы, веложолдар, қосымша жолдар және іргелес аумақты көркейту жұмыстары қолға алынған.

Естеріңізге сала кетейік, Абай даңғылының Б.Момышұлы көшесінен басталатын ұзарған бөлігінің жалпы ұзындығы 5,3 шақырым. Бұл бағытта алты жолақты жол, Қарғалы өзеніндегі көпір, Әшімов көшесімен қиылысатын жолайырық, 6 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі және 4 бағдаршам нысаны салынды.

Айта кетейік, қазіргі таңда қалалық мобильділік басқармасы Мөңке би көшесін ұзару жұмысын аяқтап, Рысқұлов даңғылы, Саин көшесі, Солтүстік айналма жолы және Тілендиев көшесін ұзарту жұмыстары жалғасып жатыр.

Бөлісу: