«ЕмбіМұнайГаз» мұнайшылары Алматы ӨКҚ-де баспасөз конференциясын өткізді

29 Қыркүйек, 2022

«ЕмбіМұнайГаз» акционерлік қоғамы биыл ғасырлық мерейтойын атап өтуде. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихының ресми есебі 1922 жылдан бастап – Доссор және Мақат кен орындарын игеру үшін «Ембімұнай» тресі құрылған кезден бастап жүргізілуде. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газ өндіру, мұнай мен газ дайындау.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында сөйлеген сөзінде «ЕмбіМұнайГаз» АҚ Бас директоры Есен Қайыржан Ембінің даңқты тарихы – отандық мұнай-газ саласының дамуына байланысты табыстар мен жетістіктерге толы үлкен жол екенін айтты.

 «Доссор, Мақат, Байшұнас және басқа да кен орындары Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал. Ембі кен орындарын игеру өнеркәсіптің жаңа салаларының, атап айтқанда мұнай өңдеудің пайда болуына және қалыптасуына әкелді. Атырауда 1945 жылы Қазақстанның тұңғыш мұнай өңдеу зауыты салынды. Сондай – ақ Ембі мұнайшылары мұнай тасымалдау жөніндегі ұлттық компания – «ҚазТрансОйлды» құрудың бастауында тұрғанын да айта кету керек», - деді Есен Қаржанұлы.

Ембі кен орындарын игеру мұнай өнеркәсібінде Ұлттық кадрлар мектебін қалыптастыруға негіз болды. Бас директор бірінші қазақ инженері Сафи Өтебаевтың, өндірісті басқарған алғашқы қазақ әйелі Балжан Жұмағалиевтің, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып үш рет сайланған Балғаным Доспаевтың, алғашқы мұнайшы-Стахановтардың бірі Сабырғали Зорбаевтың, Социалистік Еңбек Ерлері – Ембі мұнайшысы Набира Шағырованың, Әбілғазы Махутовтың, Ахаш Мұхамебаевтың, Ұлықпан Әбдірахмановтың, Зинел Балгенжиев және Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалиннің есімдерін мақтанышпен атады.

Ембі қара алтын кеншілерінің еліміздің батысындағы ірі әлемдік теңіз кен орнының ашылуына, Маңғышлақ түбегіндегі Өзен және Жетібай кен орындарын игеру мен жайластыруға, Ақтөбе облысындағы Жаңажол газ өңдеу зауытының құрылысына қатысуын ерекше атап өтті. Бөлекбай Сағынғалиев, Махаш Балғымбаев, Нұрлан Балғымбаев, Жолдасқали Досмұхамбетов, Орынғазы Есқазиев, құмар Балжанов, Болат Еламанов сияқты аты аңызға айналған мұнайшылар мамандыққа адалдықтың және Отанға шексіз қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылады.

 «ЕмбіМұнайГаз» АҚ Бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты Тасмағамбетова Ембі мұнайшылар ұстасы деп аталатынын айтты. Мұнда жалпы еңбек өтілі 400 жылға жуық мұнайшылардың ондаған әулеттері кәсіби түрде қалыптасты.

Бұл отандық мұнай-газ өнеркәсібінің шежіресіне есімдері алтын әріптермен жазылған Жылқышиевтер, Салиевтер, Бешимовтар, Марабаевтар, Балжановтар, Құлбалиевтер, Қанатбаевтар, Көрпебаевтар және басқа да көптеген танымал тұлғалар.

Отандық мұнай өнеркәсібінің негізін қалаушы – «ЕмбіМұнайГаз» қазіргі «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының негізгі өндірістік сегменті болып табылады. Құрамында 5000-ға жуық адам жұмыс істейтін компанияның төрт мұнай-газ өндіруші басқармасы бүгінде 32 кен орнын игерумен айналысуда.
    
Сөз соңында спикерлер 28-30 қыркүйек аралығында Алматыда «ЕмбіМұнайГаз» АҚ қатысатын Халықаралық Мұнай және газ көрмесі өтіп жатқанын хабарлады.

Бөлісу: