Жетісу ауданының тұрғындарын не толғандырады

3 Ақпан, 2020

Аудан тұрғындары көшелер мен аулаларды абаттандыру, оларды жарықтандыру, таза ауыз сумен қамтамасыз ету және әлеуметтік нысандарды салу проблемаларының шешілуін күтуде. Бұл туралы Алматы әкімі қатысқан есептік кездесу барысында белгілі болды.

Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымов баяндағандай, 2019 жылдың қорытындысы бойынша қала тіршілігінің негізгі салаларында оң динамика қалыптасқан. Өндіріс көлемі 941 өнеркәсіп орындары есебінен құрылуда, олардың 37-і ірі және орта өндіріс орындары және 904-і шағын.

Аудан өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша бірінші орынды иеленеді, яғни 23%-ды құрайды. Мысалы, 2019 жылы ол 4,7% өсіммен 216,7 млрд тг жетті.

Сонымен қатар, аудан бөлшек сауда көлемі бойынша да бірінші орында тұр, мұндағы жалпы сома 800,2 млрд тг.

Аудан тұрғындары үшін өте өзекті мәселенің бірі – қоғамдық көліктің жұмысы. Тұрғындардың өтініштері бойынша № 17, 56 және 123 бағыттардың сызбаларына өзгерістер енгізілді. №46-шы бағыттың сызбасы өзгерді. Өткен жылдың 18 қыркүйегінен бастап Айнабұлақ-2 ықшам ауданына қоғамдық көліктің қызметін көрсету үшін №56 бағыттың сызбасы Көкмайса ықшамауданының соңғы аялдамасынан Айнабұлақ-2 ықшамауданына дейін ұзарды.

Өткен жылдың тамыз айында Алматы әкімімен кездесу кезінде тұрғындар айтқан өтініштер бойынша жаңа №208 автобус бағыты құрылды, ол Кемел ықшамауданынан шығып, метроның «Райымбек батыр» бекетіне дейін барады және Көкжиек ықшамауданын да қамтиды, бағытты 2020 жылдың ақпан айында іске қосу жоспарланған.

Сонымен қатар, 2019 жылы 13 бағыт бойынша 220 ескі автобустар жаңарды. Жаңа үлгідегі 11 аялдамалар конструкциялары орнатылды. Биылғы жылы 30-дан астам аялдама кешендерін орнату жоспарланған.

Бүгінгі күні ауданның 61 көшесі орталықтандырылған су жүйесінен тыс қалуда. Бұл проблеманы таяудағы 3 жыл ішінде шешу жоспарлануда.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша Көкжиек ықшамауданы мен Есенов көшесі 154/4 мекенжайда полицияның 2 учаскелік пункті ашылды. Полицияның 4 модульді постысы жұмыс жасауда, соның арқасында азаматтардың өтініштері дер кезінде назарға алынуда, профилактикалық жұмыстар мен қылмысты ашудың тиімділігі артуда.

Жиі көтерілетін мәселелердің бірі – жарықтандыру. Өткен жылы 56 көшеге бір жарым мың LED-шамдары орнатылды. Бұл көшелердің жарықтану пайызын 88%-ға дейін жеткізді. Биылғы жылы ауданды 100% жарықтандыру жоспарланған.

2019 жылдың тамыз және қараша айлары аралығында 100 ауланы абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды, Workout-алаңдарға инвентарьлар, сыртқы жарықтың 564 бағанасы орнатылды және 20 футбол мен баскетбол алаңдары салынды. 2020 жылы барлық аулаларды абаттандыру толық аяқталады.

Биылғы жылы аудандағы Кемел елді мекенінде күніне 200 адам келетін отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысын бастау жоспарланған. Сонымен қатар, №11 емхананы сейсмикалық күшейту мен күрделі жөндеудің, Жұмысшы поселкесінде 240 адам келетін емхана құрылысын және 50 адам келетін әйелдер консультациясын, Айнабұлақ-4 ықшамауданында 160 орынды бала бақша, №43 мектеп жанына қосалқы нысан, спорт зал мен асхана салудың, №80, 129 мектептер жандарынан сейсмикалық күшейтумен бірге күрделі жөндеу өткізудің ЖСҚ әзірленуде.

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың наурызының соңына дейін Жетісу ауданын дамытудың үш жылдық шеберлік-жоспары әзірленетін болады. 15 ақпанда оны жұртшылықтың талқылауына ұсыну және қоғамдық тыңдау жоспарланған.

https://www.almaty.gov.kz/page.php?page_id=3882&lang=3&news_id=16895

Бөлісу: