ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: Жайлы қалалық ортаны құру, «Таза Қазақстан» акциясын жүзеге асыру, аулаларды абаттандыру бойынша сәтті жобалар

20 Желтоқсан, 2024

ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: Жайлы қалалық ортаны құру, «Таза Қазақстан» акциясын жүзеге асыру, аулаларды абаттандыру бойынша сәтті жобалар

 

https://www.gov.kz/uploads/2024/8/14/7af54100d1a9d5d7a0b4cd237ebbd762_1280x720.jpeg

 

Алматы қаласы экологиялық жағдайды жақсартуға, аумақтарды абаттандыруға және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды бағдарламаларды іске асырып, жайлы қалалық орта құру жолында нық қадам басуда. 2024 жылы мегаполистегі негізгі бағыттар – «Алматы – бақ қала» мәртебесін қалпына келтіру, аула аумақтарын жаңғырту, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы бастамаларды жүзеге асыру және «Қасбеттен қасбетке дейін» қағидатын дамыту бағдарларына арналды.

 

Жасыл аумақтарды қорғау мен күтудің жаңа ережелері: 2023 жылдың қаңтар айынан бастап қала әкімдігі Алматы қаласының жасыл желектерін қорғау және күтіп-ұстаудың жаңа қағидаларын белсенді түрде енгізуде, ал ағымдағы жылдың шілде айында бұл ережелер жайлы қалалық ортаны қамтамасыз ету үшін жаңартылды.

Бұл Мемлекет басшысының Алматы қаласында жаңа демалыс аймақтарын құру және көгалдандыру туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында жасыл желектерді қорғау және күтіп-баптау қағидалары қабылданды.

Ережелер суару жүйесін міндетті түрде салу нормасын енгізді. Өткен 2 жылда 500 км автосуару желілері орнатылды, 2025 жылы тағы 290 км желілер орнатылмақ, бұл 1 млн-ға жуық ағашты автосуарумен қамтуды мүмкіндік береді. Алматы қаласының жасыл желектерін отырғызу және күтіп ұстау бойынша жаңа тәсілдерді қолдану нәтижесінде көшеттер шығыны 2022 жылғы 30%-тен 2024 жылы 10%-ке дейін төмендеді.

 

«Таза Қазақстан» акциясы. Бұл маңызды ұлттық бағдарлама аясында Алматы экология мен қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар бастамаларды қолға алды. Санитарлық тазарту жұмыстары тек орталық аудандарда ғана емес, сонымен қатар қаланың шалғай аймақтарын да қамтып, көшелер мен саябақтардың тазалығы қамтамасыз етілді. Қайталама шикізат қабылдау пункттері мен экологиялық акциялар іске қосылды.

 

«Алматы – бақ қала» мәртебесін қалпына келтіру. Алматы тарихи тұрғыдан «бақ қала» мәртебесімен танылған. Бүгінде қалалық әкімдік бұл мәртебелі атақты қайта жаңғырту, жандандыру үшін белсенді жұмыс атқаруда. 2024 жылы шаһарда 650 мың ағаш отырғызылды. 2025 жылдан бастап Алматы әкімдігі алғаш рет ірі көлемді көшеттерді қолданатын болады. Олар агрессивті қалалық ортада жоғары өмір сүруге бейімді және ыңғайлы кеңістікті қарқынды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Биіктігі 4 және 6 метрден асатын 27 мың көшет отырғызу жоспарлануда. Жасыл желектерді қорғауға ерекше көңіл бөлініп, ағаштар мен бұталарға күтім жасау, оларды сақтау және қалпына келтіру ережелері әзірленді.

 

 

«Қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты. 2024 жылы Алматы қаласы «Қасбеттен қасбетке дейін» қағидатын жүзеге асыруда көшбасшы болды. Бұл қағидат қалалық ортаны кешенді абаттандыруды көздейді: тротуарларды жөндеу, жарықтандыруды жаңғырту, қоқыс жәшіктері мен орындықтарды орнату, аулаларды көгалдандыру және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділікті жақсарту.

2025-2026 жылдары 49,2 шақырым болатын 11 көшеге кешенді көріктендіру жүргізіледі. Бүгінгі таңда Достық даңғылын (Әл-Фараби даңғылынан Абай даңғылына дейін) және Пушкин көшесін (Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейін) қайта құру бойынша жобалардың ЖСҚ-ларын әзірлеу аяқталды. Құрылыстың басталуы 2025 жылдың наурызына жоспарланған. 2025 жылғы ақпанда Радостовец көшесі мен Мақатаев көшесін жобалау  арқылы 2025 жылғы мамырда ҚМЖ-ы басталмақ.

 

Халық қатысатын бюджет. Қала тұрғындары өз аудандарында қандай абаттандыру жобаларын жүзеге асыру керектігі туралы шешім қабылдауға белсенділікпен қатысады. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы алматылықтардан ерекше қолдау тапты. Бүгінде қала тұрғындары белсенді қатысып, өз идеялары мен ойларын ұсынуда.

2022-2024 жылдары тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, Алматыда 39,1 млрд теңгеге 938 жоба іске асырылды. Бағдарлама аясында жобаларды іске асыруға жыл сайынғы лимит 17 млрд теңге деңгейінде бекітілді. Сондай-ақ, жүзеге асырылған жобаларды күтіп-ұстауға алғаш рет әр ауданға орташа 150-200 млн теңгеге дейін қаражат бөлінді. 2022 жылдан бастап «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын қаржыландыру 2,6 есеге ұлғайды, берілген жобалар саны 5,7 есеге өсті.

 

Аулаларды санитарлық тазарту және жөндеу. Қаланың 4 мыңнан астам аула аумағын кешенді күтіп ұстау үшін қаржыландыру 2024 жылғы 24,8 млрд теңгеден 2025 жылы 27 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды (ҚТҚ) тиімді басқару жайлы орта құру – маңызды міндет.  Қалада 2012 жылы құрылған ҚТҚ жинау инфрақұрылымының әбден тозуы және «моральдық» ескіруі байқалады. Осыған байланысты, 2023 жылдан бастап саланы  терең жаңғырту жүргізілуде. Қазірдің өзінде 400 алаңда 2,8 мың еуроконтейнерлер және көмілген контейнерлер жаңартылды. 2025 жылы 723 алаңға тағы 2,7 мың жаңа контейнер орнату арқылы қала бойынша барлық контейнерлік алаңдарды толық жаңғырту  жұмыстары аяқталмақ.

Бөлісу: