Live
Марат Тоқашбаев: «Біздің тәуелсіздігіміз — еліміздің сан ғасырлық тарихының жалғасы»
23 Қазан, 2026
1990 жылғы 25 қазан — тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы маңызды күннің бірі. Дәл осы күні Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданып, еліміздің тәуелсіздігінің құқықтық және саяси негізі қаланды.
Жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Марат Тоқашбаев сол тарихи кезеңге куә болған адамның бірі. Академик ол декларацияның маңызы туралы ой бөлісіп, тарихи жадыны сақтап, қазақ мемлекеттілігінің сабақтастығын түсінудің маңыздылығына тоқталды.
Марат Тоқашбаев қазақ мемлекетінің тарихына кеңірек қарап, оны сонау Керей мен Жәнібек ханның уақытынан бастау керек деген пікір айтады.
1990 жылы мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы — сол баяғы дербестікті қалпына келтірген күн болып тарихта қалатын болды.
«Біз өз мемлекеттілігіміздің тарихын 1465 жылдан, Керей мен Жәнібек ханның заманынан бастаймыз. 1990 жылы мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы — тарихи дербестігіміз бен еркіндігіміздің қайта оралуы болды. Сондықтан тәуелсіздік туралы айтқанда, оны насихаттағанда осы тарихи сабақтастықты негізге алуымыз қажет», — дейді жазушы.
Оның айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланған 1991 жылғы желтоқсан оқиғасымен ғана шектелмей, осы шешімге дейінгі бүкіл тарихи жолды қоса көрсетіп отыруымыз керек.
1990 жылғы 25 қазанда декларацияның қабылдануы осы жолдағы елеулі қадам болды. Құжатта мемлекеттік егемендік, аумақтық тұтастық және республиканың дербестігі қағидаты бекітіліп, Қазақстанның одан әрі дамуының саяси-құқықтық негізі айқындалды.
Жазушының пайымдауынша, жастар қазір осының ара-жігін ажырата біліп, тарихтан сабақ алып, тәуелсіздігіміздің қадірін түсіне білуі керек екен.
«Менің жастарға айтарым: қазіргі мына алмағайып заманда жастар осы еркіндігімізді бағалай білуі керек», — деп ой қосты Марат Тоқашбаев.
Жазушы республика күнін ұлттық мемлекеттілігіміздің бастауына үңіліп, халқымыздың тарихи жолын зерделеп, тәуелсіздіктің қадірін келер ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік беретін маңызды күн деп білетінін жеткізді.
Қазақстан небір аласапыранды бастан кешірді. 25 қазан — мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы маңызды қадамның бірі жасалған күн болып қалады. Осы оқиға туралы тарихи жадты сақтау егемендіктің мәнін тереңірек түсініп, еліміздің болашағы алдындағы жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік береді.