Қазақстандықтарға Ресей мен Түркияның әскери жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндік бар: үміткерге қандай талап қойылады

4 Қыркүйек, 2026

Жас қазақстандықтар ҰҚК Шекара академиясы мен еліміздегі басқа да әскери жоғары оқу орнында ғана емес, Ресей мен Түркияның оқу орнында да әскери білім ала алады. Ол үшін болашақ курсанттар медициналық куәландырудан, психологиялық тестілеуден, дене дайындығы мен кәсіби жарамдылығын тексеруден тұратын көп кезеңді іріктеуден өтуі тиіс. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы мен облыстағы ҰҚК Шекара қызметі департаментінің тәрбие, идеологиялық және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Асхат Айсағалиев осылай деп хабарлады.

Офицерлерді даярлау сапалы әскери білім беруден басталады. Алматыдағы ҚР-ның ҰҚК Шекара академиясы осы бағыттағы басты оқу орнының бірі.

Мұнда шекара бөлімшелері мен шекаралық бақылау бөлімшелерін басқару, тәрбие мен әлеуметтік процесті басқару, арнаулы мақсаттағы бөлімшелерді қолдану, сондай-ақ жедел қызмет бағыты бойынша маман даярланады.

«Шекарашы офицер шекараны күзетіп қана қоймай, ұлттық қауіпсіздік пен ел тыныштығын қамтамасыз ететін алғы шепте қызмет етеді. Сондықтан болашақ офицерді даярлауға талап күшті. Академияда курсанттар шекараны қорғаудың теориясы мен тәжірибесін меңгереді, дене және моральдық-психологиялық дайындықтан өтіп, тәртіпке бейімделеді. Мұнда маман ғана емес, болашақ офицер де қалыптасады», — деп түсіндірді Асхат Айсағалиев.

Қазақстан жастары үшін әскери білім алу мүмкіндігі отандық оқу орындарымен ғана шектелмейді. Қазақстан азаматтары Ресей Федерациясының бірнеше әскери жоғары оқу орнына да түсе алады.

Олар Ресей ФҚҚ жағалау күзеті институты, Калининград шекара институты, Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскери академиясы, Әскери университет, Әскери-медициналық академия, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету әскери академиясының бөлімшелері, Түмен жоғары әскери-инженерлік командалық училищесі мен басқа да оқу орны.

Ресейдің әскери жоғары оқу орнына түсер кезде көп бағыт бойынша шығармашылық пәнді қоспағанда, кез келген бейіндік пәнді таңдауға болады. Медициналық мамандыққа «биология — химия» пәнінің комбинациясы қажет. ҰБТ-ның шекті нәтижесі кемі 50 балл болуы тиіс. Бес жыл оқиды.

Қазақстандық курсанттарды Түркияда даярлау да жеке бағыт ретінде қарастырылған. Ыстамбұлдағы Әскери-теңіз академиясында «Кемелерді басқару» мамандығы бойынша, Анкарадағы «Гүлхане» медициналық университетінде «Жалпы медицина» мамандығы бойынша білім алады.

Түркияның әскери оқу орнына түсу үшін ҰБТ-дан кемінде 70 балл жинау қажет. Бес жыл оқиды. Алғашқы жылы ағылшын мен түрік тілін үйренеді.

«Шетелде білім алу курсанттарға әскери мамандықпен қатар азаматтық мамандық алуға мүмкіндік береді. Түркияда алғашқы жылы тіл үйренеді, содан кейін таңдаған бағыт бойынша оқу басталады. Мұндай мүмкіндік болашақ офицерге қосымша білім мен кәсіби құзырет алуға сеп болады. Кейін олар бұл білімін әскери қызметте қолдана алады», — дейді спикер.

Сонымен бірге әскери мамандықты таңдауға деген ниеттің өзі жеткіліксіз. Кандидаттарға жасына, біліміне, денсаулығына, дене дайындығы мен психологиялық қасиетіне қатысты талап та қойылады.

Орта білімі бар және бұған дейін әскери қызмет өткермеген 17 мен 21 жас аралығындағы жастар оқуға түсе алады. Әскери міндетті немесе мерзімді әскери қызмет өткерген және қызмет етіп жүрген азаматтар үшін жас шегі — 24 жас, ал келісімшарт бойынша әскери қызметшілер үшін — 25 жас.

Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Құжатын тапсырғаннан кейін кандидаттар медициналық куәландырудан, психологиялық тестілеу мен полиграфологиялық зерттеуден өтеді. Сонымен қатар дене дайындығы бойынша белгіленген нормативті қатар орындауы қажет.

ҰБТ нәтижесі де ескеріледі. Жалпы шекті балл 50-ден төмен болмауы тиіс. Бұл ретте Қазақстан тарихы мен екі бейіндік пәннің әрқайсысынан кемінде бес балл, оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылықтан кемі үш балл жинауы тиіс. Белгіленген шекті деңгейден өте алмаса байқауға жіберілмейді.

«Әскери жоғары оқу орнына іріктеу бір ғана емтиханмен шектелмейді. Біз кандидаттың білімін ғана емес, оның денсаулығын, дене дайындығын, моральдық-психологиялық қасиетін, тәртібі мен әскери қызметке деген ынтасын да бағалаймыз. Қорытынды кезеңде арнаулы комиссия кәсіби жарамдылығын, құқықтық негіздер мен саясаттану бойынша білімін, жазбаша сауаттылығы мен ой қорыта білу қабілетін, соның ішінде эссе жазу барысында да тексереді. Біздің міндетіміз — жай ғана оқуға қабілетті адамды емес, офицер болуға дайын кандидатты таңдау», — дейді Асхат Айсағалиев.

Спикер әскери оқу орындарына түсуді жоспарлап жүрген жастардың осы барлық талаппен алдын ала танысып, өз мүмкіндігін дұрыс бағалап, дайындықты уақытылы бастауы керек екенін ескертіп өтті. Әскери мамандық тек білім мен жақсы дене дайындығын ғана емес, сонымен қатар тәртіпті, жауапкершілік мен ел мүддесіне қызмет етуге дайын болуды талап етеді.

Бөлісу: