Live
Алматы тау шаңғысын бұқаралық спорт түріне айналдыра алады
22 Қаңтар, 2026
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан Алматы тау кластерін дамыту жобасы туристерді ғана емес, тау шаңғысына қызығатын қала тұрғындарының да қажетін өтеуге қауқарлы. Бірақ ол үшін шаңғы тебуді жаңадан бастағандарды оқытып, инфрақұрылымды дайындап алу керек. Ways2Do тау шаңғысы мектебінің директоры Қайрат Кауленов Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде осылай дейді.
«Алматы – таудың етегінде тұрған ерекше қала. Бірақ тау кластері бұқаралық сипат алуы үшін туристерді ғана емес, қала тұрғындарын, әсіресе балалар мен шаңғы тебуді енді бастап жатқандарды да ойлауымыз керек», – деді ол.
Ways2Do тау шаңғысы мектебі Шымбұлақ курортында осымен бесінші маусым бойы жұмыс істеп келе жатыр. Жоба әуелде қауіпсіздік пен оқушыға құрмет көрсетуге басымдық беретін авторлық мектеп ретінде құрылыпты.
«Біз айқайлап, қысым көрсетіп, жекіп сөйлеуден бірден бас тарттық. Мақсатымыз – кез келген адамның шаңғы тебуді түсініп үйренуіне көмектесу, сол жолда барынша болысу оған», – дейді директордың өзі де.
Мектеп жұмыс істегелі бері осылайша 700-ден астам адамды оқытыпты. Соның арқасында соңғы жылдары балалар мен жастардың арасында тау шаңғысына қызыққандардың саны айтарлықтай артқан.
«3–4 жыл бұрын оқушыларымыздың басым бөлігі ересектер болса, қазір олардың 60%-ға жуығы балалар мен жасөспірімдер. Тау сөйтіп байшыкештердің сайран салатын жері болудан қалып, бірте-бірте Алматының қалалық мәдениетінің бір бөлігіне айналып келе жатыр», – деді.
Маусым қызған кезде күніне 8-ден 15-ке дейін сабақ өтеді екен. Мұнда 4–5 жастағы балалардан бастап, жасөспірімдер мен ересектерге дейін оқиды.
«Біздің ең егде оқушымыз 67 жаста болды. Өзін ынталандырып, сөйтіп жүріп сырғанауды үіреніп алды ол кісі», – деп мектептің тарихынан да сыр шертті.
Қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінеді.
«Біз мастарды, ауыр жарақаты барлар мен дәрігерден рұқсат алмағандарды қабылдамаймыз. Ақшадан гөрі қауіпсіздік маңыздырақ», – деп атап өтті ол.
Қайрат Кауленовтің айтуынша, тау шаңғысымен сенімді сырғанау үшін орта есеппен 5-тен 10-ға дейін сабақ оқу керек, сноубордтікі – 8-ден 15-ке дейін.
«Көп нәрсе сабақтың жүйелілігі мен ынталандыруға да байланысты. Бәрін орнымен, жүйелі түрде істесе – алынбайтын қамал жоқ», – дейді басшысы.
Алматы тау кластерін дамыту туралы айта отырып, мектеп директоры спорттағы алғашқы қадамдарды ең маңызды фактор екенін айтады.
«Казір кейбір отбасылар жағдайына қарай тау шаңғысымен айналыса алмайды. Мұнда мемлекет пен жеке сектордың арасында әріптестік орнататындай үлкен әлеует бар», – деп есептейді ол.
Қайрат Кауленов қаладағы мұз айдындарын мысал ретінде келтірді.
«Алматы әкімдігі үлкен жұмыс бітірді: қолжетімді және тегін мұз айдындары пайда болды қалада, соның арқасында қаншама бала коньки тебуді үйренді. Дәл осындай тәсілді тау шаңғысына да қолдануға болады», – деген ойда.
Бастапқы деңгейге арналған беткейді, қысқа оқу трассалары мен субсидияланатын инфрақұрылымы бар қауіпсіз аймақтарды құру үлкен нәтиже береді екен.
«Егер осындай алаңдар пайда болса, Алматы қаншама мыңдаған баланың жолын ашып, тау шаңғысымен айналысуына түрткі болып, балалар спорты мен ішкі туризмнің дамуына қол жеткізер еді», – деп атап өтті сарапшы.
Ways2Do мектебінің өзі де болашақ дамуға дайындалып жатыр: нұсқаушыларды даярлауды күшейтіп, оқушылар мен студенттерге арналған бағдарламаларды әзірлеп, оның ауқымын кеңейте түсуді жоспарлап отыр.
«Біздің мақсатымыз курорттағы мектеп болу ғана емес, Алматының тау спорты экожүйесінің бір бөлігіне айналу», – дейді директор.
Қайрат Кауленовтің айтуынша, баланы осы бастан тәрбиелеу керек.
«Балаға жай ғана гаджет сыйлағаннан гөрі, дағды мен мінез сыйлаған дұрыс. Тау шаңғысы – спортқа емес, тұлғаның болашағына салған инвестиция».