Live
Алматыда жас ғалымдар ғылымның қаланың дамытудағы рөлін талқылады
21 Қаңтар, 2026
Алматыда қала әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов жас ғалымдармен кездесіп, ғылым мен технологияны дамыту және оларды қалалық басқару жүйесінде тәжірибеде қолдану жайы сөз болды.
Талқылау болашақты болжауға, ұзақ мерзімді даму көрінісін қалыптастыруға және алдағы сын-қатерді ескере отырып, нақты шешімдер ұсынуға бағытталған форсайт — стратегиялық диалог форматында өтті.
Кездесу барысында қатысушылар ғылыми зерттеулерді қалалық үдерістерге енгізу, инновациялық жобаларды қолдау, цифрлық технологияны дамыту, экологиялық шешімдер мен қалалық инфрақұрылым саласындағы ғылыми әзірлемелерді жүзеге асыру, сондай-ақ ғылым мен өндіріс арасындағы өзара байланысты нығайту жөнінде ұсыныстарын ортаға салды. Бұл бастамалар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды қадамдар ретінде бағаланды.
«Қаланың стратегиялық дамуы ғылымсыз мүмкін емес. Жас ғалымдардың идеялары мен зерттеулері Алматыны инновациялық әрі бәсекеге қабілетті мегаполиске айналдырудың берік негізі саналады. Қала әкімдігі ғылыми қауымдастықпен ашық әрі тұрақты диалог орнатуға және ғылыми бастамаларды нақты жобаларға айналдыруға мүдделі. Ғылым — қаланың заманауи әрі орнықты дамуының басты шарты», — деді Алматы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.
Ғылыми зерттеулерді қолдау мақсатында биыл өңірлік гранттар тағайындау бойынша байқау өткізу жоспарланып отыр. Гранттар қолданбалы ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға және оның нәтижесі коммерцияландыруға бағытталады. Қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен қарастырылған.
Айта кетейік, бұл кездесу 2025 жылы құрылған Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес аясында өтті. Кеңестің негізгі міндеті — ғылыми әлеуетті қаланың даму саясатына ұштастыру және зерттеулерді нақты практикалық шешімдер мен жобаларға бағыттау.
Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес Мемлекет басшысының өңірдегі инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес 2025 жылдан бастап жұмысын бастады. Кеңес құрамына ғылыми қауымдастық өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары мен жас ғалымдар енді.