Live
Қала әкімі «Барлық» базарының маңын дамыту жобасымен танысты
9 Қыркүйек, 2025

Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында «Барлық» базары орналасқан аумақтағы негізгі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысын көрді. Бұл жобалар қаланың көлік пен инженерлік жүйесін дамытуға бағытталған.
Әкім метрополитеннің бірінші желісінің үшінші кезегінің жобасына тоқталды. Ол «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейінгі аралықты қамтып, ұзындығы 5,3 шақырымдық тоннель қазылып, үш станция салынбақ. Сонымен қатар «Барлық» базары аумағында бірыңғай көлік-айырбас торабы (хаб) жасалады.
Болашақ хаб құрамына метро станциясы, қалааралық автобекет, жеңіл рельсті көлік станциясы және автотұрақ кіреді. Жоба Алматының шет аймақтарын орталықпен байланыстырып, тұрғындардың барынша ыңғайлы қоғамдық көлікпен қатынауына мүмкіндік бермек.
Сапар барысында Дархан Сатыбалды жер асты су алу қондырғысы – «Ақжайық (Барлық)» жобасымен де танысты. Жаңа нысан Наурызбай және Алатау аудандарындағы 80 мыңнан астам тұрғынға тәулігіне 43 мың текше метрге дейін су береді. Бұл қаланың батыс бөлігін су жүйесімен қамтиды.
Сапар соңында қала әкімі метро құрылысына арналған жер телімдерін келісу мен сатып алуды жеделдету, жобалық-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамадан белгіленген мерзімде өтуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен бірге, болашақ көлік торабының қауіпсіздігі мен жайлылығына баса назар аударуды әрі «Ақжайық (Барлық)» су алу жобасын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.