Live
Кәсіпкерлік, инклюзия және мәдениет: Алматы Қоғамдық кеңесі 2024 жылды қорытындылады
22 Сәуір, 2025

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында кеңес мүшелері баяндады. Спикерлер әр сала бойынша атқарылған істерді атап, алматылықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бастамалар мен ұсыныстарды таныстырды.
Қоғамдық даму, мәдениет, спорт, дін және жастар ісі жөніндегі комиссияның төрағасы Марлен Рысбеков 2024 жылы 11 қоғамдық мониторинг жүргізілгенін хабарлады.
«Біз Алматы зообағы, мұражайлар, театрлар, архивтер мен тарихи ғимараттарды аралап, олардың жағдайына сараптама жасадық. Анықталған проблемаларды мәдениет және спорт басқармасымен бірге шешу жолдарын талқыладық», — деді Рысбеков.
Оның айтуынша, комиссия Алматы ипподромы, зообақ, С. Мұқанов пен Ғ. Мүсірепов музейлері секілді маңызды нысандарға барып, үш кезеңнен тұратын мониторинг жүргізген. Қыркүйек айында мемлекеттік органдар мен сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстел өткен.
Спорт және жастар саясаты да назардан тыс қалмады. Мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыс істейтін спорт клубтарының жұмысына талдау жасалып, «Даму бала» жобасына тәуелсіз сарапшылар баға берген. Жыл соңында ата-аналармен, кәсіпкерлермен, депутаттармен және аудан әкімдіктерінің өкілдерімен кездесу ұйымдастырылған.
Экономика, инвестиция, кәсіпкерлік және цифрландыру жөніндегі №4 комиссияның төрағасы Нуржан Жакупов бұл саладағы негізгі бағыттар бойынша мониторинг жүргізілгенін мәлімдеді.
«Біз туризмге арналған ақпараттық пункттер, шағын және орта бизнес өкілдері, цифрлық платформалар мен квазимемлекеттік ұйымдардың ашықтығы бойынша талдау жүргіздік. Ұсыныстарды сосын мемлекеттік органдар мен министрліктерге жолдадық», — деді Жакупов.
Сонымен қатар, комиссия жылжымалы сауда нысандарын дамыту, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау және синтетикалық нашақорлықпен күрес тақырыбында дөңгелек үстелдер өткізген.
№5 комиссияның мүшесі Богдан Джепка әлеуметтік саясат саласындағы жұмыстар туралы баяндады. Комиссия жұмыспен қамту туралы заңға сараптама жасап, мектеп асханаларының қызметіне мониторинг жүргізіп, инклюзивті инфрақұрылымды дамытуға атсалысқан.
«Біз жұмыспен қамту басқармасымен бірлесіп, мүгедектігі бар балаларға арналған инватакси бағдарламасын іске қостық. 450 жүргізуші оларды көлікке отырғызып-түсіруді үйренді. Қазір шағым жағы азайғанымен, оқытуды жалғастырып жатырмыз», — деді Джепка.
Сондай-ақ, балалардың мүгедектігін ерте анықтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Перзентханалар мен емханаларда жүргізілген мониторингтің арқасында уақытылы емдеу және отбасылық қолдау көрсету мүмкіндігі артқан. Қоғамдық кеңес қалалық инфрақұрылымды бейімдеу, қоғамдық көлік пен мекемелерді қолжетімді ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Жиын соңында спикерлер Қоғамдық кеңестің алдағы уақытта да қала тұрғындары мен мемлекеттік органдар арасындағы диалог алаңы болып қала беретінін атап өтті. Кеңес алматылықтардың өзекті мәселелерін көтеріп, шешімін табуға үлес қосуға ниетті.