Алматыда медициналық көмектің сапасына қатысты шағым азайды

12 Мамыр, 2026

Биылғы І тоқсанда Алматыда медициналық көмектің сапасына қатысты өтініш едәуір азайды. Алайда медициналық ұйымдар мен дәрілік заттардың айналымын бақылау күшейтіліп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша ондаған нысан әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 18 миллион теңгеден асып түсті. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы Дамир Дәулетбаев осылай деді.

Спикердің айтуынша, Департамент медициналық көмектің сапасын қамтамасыз етіп, дәрілік заттар мен медициналық бұйымның айналымын бақылап, құқықбұзушылықтың алдын алуға көп көңіл бөліп отыр екен.

Биылғы І тоқсанда Департаментке медициналық көмектің сапасына қатысты азаматтардан 1280 өтініш келіп түскен. Бұл былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 16,5%-ға аз. Оның ішінде 351 өтініш қаралып, 18 жағдай бойынша медициналық ұйымдарға жоспардан тыс тексеру жүргізілген.

Тұрғындар көбінесе медициналық көмектің сапасына, қызметті ұйымдастыру мен дәрігерлердің этикасы мен деонтологиясы мәселесі бойынша жүгінген.

«Медициналық қызметтің сапасы артқандықтан өтініштің де саны азайған. Біз медициналық ұйымдарды бақылап, азаматтардың өтінішін жедел ескеру бойынша жүйелі жұмыс істеп жатырмыз», – дейді Дамир Дәулетбаев.

Медициналық қызметтің сапасын бақылау саласында азаматтардың өтініші мен мемлекеттік органдар материалдары негізінде 103 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде шамамен 2 миллион теңге көлемінде 19 әкімшілік хаттама толтырылып, 37 заңбұзушылықты жою туралы нұсқама берілді. Сонымен қатар материалдар құқық қорғау органына жолданды.

Бұдан бөлек, Департамент медициналық көмектің сапасына қатысты 13 өтініш бойынша азаматтарды жеке қабылдаған. Тұрғындарға түсіндіру жұмысы жүргізіліп, қажетті кеңес те берілді.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымын бақылау саласында да көп жұмыс қолға алынды. Осы уақытта тіркелмеген препараттарды сату, шекті бағадан асыру, лицензиясыз қызмет жүргізу мен мерзімі өтіп кеткен дәрілерді өткізу фактісі бойынша 89 тексеру өткізілді.

Бақылаудың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 16 миллион теңгеден асатын 59 әкімшілік іс қозғалды.

Дамир Дәулетбаев стоматологиялық ұйымдарды тексеру мәселесіне де жеке тоқталды. Прокуратура органдарының талабы бойынша 92 стоматологиялық мекеменің қызметіне талдау жасалып, 85 ұйымда тексеру ұйымдастырылған.

«Тексеру нәтижесінде 46 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 63 әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ 18 лицензияның күші қайтарылып алынды немесе уақытша тоқтатылды», – деді Департамент басшысы.

Алматыда дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалау жүйесін енгізіп жатыр. Ақпараттық жүйеде дәрілік препараттарды бөлшек саудада өткізетін 1291 нысан мен көтерме саудамен айналысатын 257 нысан тіркелген. Дәріхана ұйымдарымен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бақылау қызметінен бөлек, Департамент денсаулық сақтау саласында мемлекеттік қызметтер де көрсетеді. Есепті кезеңде 9 бағыт бойынша 4509 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде медициналық және фармацевтикалық қызметке лицензия беру, мамандар сертификаттарын рәсімдеу мене өзге де рұқсат құжаттарын ұсыну бар.

Брифинг соңында спикер дәрігерлік көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттырып, азаматтардың құқығын қорғау мен денсаулық сақтау саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс жалғасатынын атап өтті.

Бөлісу: