Live
Алматыдағы «Терренкур» 20 жылдан кейін қайта жаңартылды
14 Тамыз, 2025
Алматының шығыс бөлігінде, Тәттімбет көшесі мен Достық даңғылына қатарласа созылып жатқан әйгілі Терренкур демалыс аймағы қайта жаңартылды. Бұл қала тұрғындарының серуендейтін сүйікті жері.
4 гектардан асатын аумақта замандық талапқа сай жайлы кеңістік жасалып, әр жастағыларға арналған демалыс аймағы салынған. Жаңа жаяу жүргіншілер жолы төселіп, «денсаулық соқпағы» кеңейтіліп, жаңартылды. Саябақтың әр бөлігін жалғап тұрған ағаш көпірден Есентай өзенінің әсем көрінісі көз тартады.
Ұзақ жыл қаңырап жатқан су айдыны тазартылып, бекітіліп, жағалауы көркейтілді. Өзен жағасында өнер сахнасы, қарсы бетінде ашық аспан астындағы амфитеатр пайда болды.
Белсенді демалысқа арнап үш теннис үстелі, төрт шахмат үстелі мен жаңа спорт жабдықтары орнатылған воркаут аймақтары жасалды. Балаларға екі ойын алаңы ашылып, экологиялық ойын аймағы да құрылды.
Саябақтың басты нышаны – алтын күмбезді аппақ ротонда ерекше түрге енді. Оның айнала қоршаған жолдар ілмелі гүлзарлармен безендірілді.
Саябақ аумағына 30 жаңа орындық қойылып, автоматты суару жүйесі мен осы заманғы жарықтандыру жүйесі орнатылды.
Бүгінде Терренкур «денсаулық соқпағы» ғана емес, сонымен брге кездесу мен серуендеуге де жайлы жер. Мұнда күн сайын 3500-ден астам қала тұрғыны мен турист келеді.
Бұл аумақ жеке меншіктің иелігінде болғандықтан, 20 жылдан астам жөндеу көрмеген. 2023 жылы жерді коммуналдық меншікке қайтарып, іле-шала қайта жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжатты әзірлей бастады.
2024 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Жобаның басты мақсаты – Есентай өзені бойындағы және Терренкурдағы екі танымал жаяу бағытты біріктіріп, қала тұрғындарының сүйікті орнына айналдыру.