Live
Алматыда әлеуметтік осал топтарға арналған жаңа орталықтар ашылды
13 Тамыз, 2025

Алматыда алғаш рет Ерте араласу орталығы құрылып, отбасыларды, мүгедектігі бар адамдар мен әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған жаңа әлеуметтік бастамалар іске қосылды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов осылай деді.
Аталған орталық қазіргі таңда екі мыңға жуық қызмет түрін көрсетіп, халықаралық стандарттарға сай жеке көмек бағдарламаларын енгізіп отыр.
Басқарма жанында Отбасыны қолдау орталығы да жұмыс істей бастады. Бұл орталық қиын жағдайға тап болғандарды ерте анықтап, жеке даму жоспары аясында оларға қолдау көрсетеді. Қазір 418 адам осындай көмек алған.
Мүгедектігі бар балаларға арнап әлеуметтік интеграция орталығы да ашылды. Мұнда арт-терапияны, музыканы, театр мен би терапиясын, сондай-ақ фото мен видеоға түсіруді оқытатын арнаулы бағдарламалар бар. Жоба жылына 240 адамды қамтып отырады.
Қалада субсидияланатын жұмыс орындарының бағдарламасы да жүзеге асырылып жатыр. Статистикаға сәйкес, Алматыда 59 329 мүгедектігі бар адам тұрса, олардың 28 876-сы еңбекке жарамды. Қазір ресми түрде 9 638 адам жұмыс істейді (33,4%).
Медицина, әлеуметтік қолдау мен жұмысқа тұру сияқты бағыттарды қамтитын кешенді шаралар қаланың әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып, барлық тұрғындарға тең мүмкіндік жасауды көздейді.
Жалпы алғанда, жыл сайын мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік жобаларды іске асыруға 3,1 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінеді.