Live
Алматыдағы Пушкин көшесін жаңғырта бастады
17 Шілде, 2025
Пушкин көшесінің Райымбек батыр даңғылынан Гоголь көшесіне дейінгі бөлігін абаттандыра бастады. Бұл жұмыс қаланың орталық бөлігін жаңарту бағдарламасының аясында жүзеге аспақ. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының басшысы Батырхан Сүлейменов осылай деді.
Пушкин көшесінің аталған бөлігі 2025 жылы толық жаңғыртылады. Жоба Алматы қаласының орталық бөлігін кешенді абаттандыру бағдарламасы шеңберінде іске аспақшы. Жобаға тапсырыс берген – Алматы қаласының Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы, жобалауды «Алматыгенплан» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС әзірлеген.
«2023–2024 жылдары «Алматыгенплан» жобалау институты осы көше бойынша үлкен зерттеу жұмысын жүргізген. Сол кезде көшенің туристік әлеуеті өте жоғары екенін анықтадық. Оны адамдар серуендейтін, уақыт өткізе алатын жаяу жүргіншілер кеңістігіне айналдыруға болады. Бұл аудандағы ең тартымды жерге айналуы мүмкін. Қазір біз құрылыс-монтаж жұмыстарына кірістік», – деді Батырхан Сүлейменов.
Жөндеу жұмыстары 6,5 гектар аумақты қамтып, қайта жаңғыртылатын жердің ұзындығы – 1,1 шақырым болмақ. Жоба аясында жаяу жүргіншілер мен көлік инфрақұрылымын жан-жақты абаттандыру көзделген: жасыл аумақтың көлемі 19 619,5 м² құрайды. Жамылғының жалпы аумағы – 45 301,4 м², оның ішінде 18 041,5 м² – асфальтбетон, 25 914,9 м² – бетон тротуар плиткалары. Сонымен қатар, 58 м² резеңке жабынды және 96 м² тактильді плитка төселеді. Бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы болмақ.
Оған қоса, 953,5 м² аумақта су бұру жүйесі, 237,5 м² аумақта баспалдақ, пандустар мен тіреу қабырғалар салынады. Құрылыстың ауданы – 331,8 м².
Бұл жоба осы заманғы қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған, қала инфрақұрылымын жақсартуға арналған үлкен жұмыстың бір бөлігі болмақ.