Live
Алатау ауданында жаңа амбулатория салынып жатыр
25 Маусым, 2025
Саялы ықшамауданында бой көтеріп жатқан жаңа медициналық мекеме емханаларға түсетін жүктемені азайтып, медициналық қызметті халықтың қолы жететіндей етпек.
Алатау ауданының Саялы ықшамауданында аудан әкімдігі мен Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры өтті. Іс-шараға қатысқандар 200 адамды қабылдай алатын алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының құрылысымен танысты. Жобаны 2025 жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланған.
Саялы ықшамауданындағы ғимараттың жалпы аумағы – 3 482 шаршы метр. Қазір ішкі жағы әрленіп, қабырғаларын қаптап, терезесі мен витраждарын орнатып, тоқ тартып жатыр онда. Жұмыстың 95%-ы біткен.
Нысан ашылғанда аудан тұрғындарына дәрігерлік көмек қолжетімді болып, медициналық қызметтің сапасы да жақсаратынын айтады аудан әкімі.
«Саялы мен жақын маңдағы ықшамаудандарда 30 мыңнан астам адам тұрғанымен, бұл жерде әлі күнге дейін мемлекеттік емхана болмаған. Жаңа амбулатория ашылғаннан кейін тұрғындар медициналық көмек іздеп алысқа бармайды енді. Бұрын Саялы тұрғындары 2 шақырым жүрсе, бұл нысан 500–800 метр жерде, жақын орналасқан», – дейді Талғат Малыбаев.
Алатау ауданындағы медициналық ұйымдардың үйлестірушісі, №29 қалалық емхананың бас дәрігері Ақмира Садықованың айтуынша, мемлекеттік норматив бойынша 10 мың адам тұратын елдімекенде емхана емес, амбулатория ашылуы керек.
«Қазір Саялы-1 мен Саялы-2 ықшамаудандарында 8 мыңнан астам адам тұрады. Олар №22 мен №29 емханаға тіркелген. Бұлар 2,3–5,2 шақырым жерде тұр. Сондықтан халық санын ескеріп, отбасылық-дәрігерлік амбулатория ашты осы жолы», – деді Ақмира Садықова.
Медициналық мекеме №29 (Зерделі ықшамауданы) және №22 (Шаңырақ-2 ықшамауданы) емхананың жүктемесін азайтуға көмектеспек. Бұл көпқабатты тұрғын үйде тұратын, жүріп-тұруы қиын адамдарға қолайлы болып отыр.
Жаңа амбулаторияда дәрігер, педиатр, терапев пен басқа да мамандар қызмет көрсетпек. Сонымен қатар, мұнда хирургия, физиотерапия, стоматология кабинеттері мен алдын алу қызметтері де ашылған.
Амбулаторияның айналасын абаттандырып, тұрғындарға арналған аллея да салып бермек. Бұл жұмысты Құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша «Отау-Құрмет» ЖШС қолға алған. Жобаның жалпы құны – 681 миллион теңге.
Нысан пайдалануға берілген соң, жаңа орталық тұрғындардың өмір сапасын арттырып, медициналық көмек алу едәуір жеңілдемек.