Алматыда заңсыздықпен күрес пен құқықтық көмек аптасы өтіп жатыр

24 Маусым, 2025

Алматыда «Заң мен тәртіп» аптасы басталды. 24-28 маусым аралығында қаланың барлық ауданында құқықтық мәдениетті арттыруға арналған, заң бұзушылықтың алдын алып, азаматтар мен мемлекеттік органдардың байланысын жолға қоюға бағытталған іс-шаралар өтпек. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар орталығындағы пресс-конференцияда айтылды.

Алматы прокуратурасының ресми өкілі Райымбек Шәріпбаевтың айтуынша, акцияның негізгі мақсаты – заңды бекем етіп, билік институттарына қоғамның сенімін қалыптастыруға үлес қосу.

«Заң дегеніміз ережелердің жинағы ғана емес. Ол - тәртіптің негізі, қауіпсіздік пен әділдіктің үстем болуы деген сөз.  Заң бұзушылықтың жылдам жолын кессек, қоғамда заңмен санасу керек, заңмен санасқан дұрыс екен деген ой қалыптаса бастайды біртіндеп»,- дейді Шәріпбаев. 

Бір апта бойы қаланың барлық ауданында жылжымалы құқықтық топтар жұмыс істейді. Оның құрамына прокуратураның, полицияның, жемқорлыққа қарсы қызметтің, экономикалық тергеу департаменті мен әкімдіктің өкілдері кірген. Азаматтар онда заң жағынан тегін кеңес алып, өтініш беріп, құқығын қалай қорғауға болатынын естіп біледі.  Жылжымалы топтың бағыты:

24 маусым – Алмалы мен Бостандық ауданында.

25 маусым – Жетісу мен Медеу ауданында.

26 маусым – Әуезов пен Түрксіб ауданында.

27 маусым – Наурызбай мен Алатау ауданында.

 

Онымен қоса, қала прокуратурасының «Құқықтық дәріхана» жобасы да жұмыс істемек. Олар аптаның сәрсенбі, бейсенбі және жұма күндері 17:00 -ден 20:00 –ге дейін Dostyk Plaza, MEGA Alma-Ata мен Grand Park-те азаматтарға тегін кеңес береді. Кеңескісі келетін, заң бұзушылықты ескерткісі келетіндерге арнап «Сенім телефоны» да жұмыс істейтінін ескере жүріңіз.

Алматының прокуратурасы жастар құқықтық көмек алатын, есірткіге қарсы кампанияға араласып, заң бұзушылық туралы дер кезінде хабарлай алатын «Zhastarmen» платформасын да бірге дамытып жатыр.

«Бұл жоба «Zhastarmen Telegram-каналы арқылы жұмыс істейді, оған бәрі қосыла алады. Қазірдің өзінде 4000 адам тіркеліп, олар жауапты жастардың қауымдастығы болып ұйысып жатыр»,-деп айтты Райымбек Шәріпбаев. 

Осы жобаның аясында ондаған рейд ұйымдастырылып, тыйым салынған заттарды таратып келген жүздеген Telegram-каналдар жабылып, 6000-нан астам заңсыз граффити өшірілді. Маусымның 26 күні, Махатма Ганди атындағы паркте  жастар жағы есірткіге қарсы флешмобқа қатыса алады.

«Заң мен тәртіп»  аптасының аясында Алматының экономикалық тергеу Департаменті де өз бағдарламасын ұсынды. ЭТД өкілі Жақсылық Мырзахан  алаяқтықтың жолын кесіп, құқықтық сауатты арттыруға бағытталған осындай іс-шаралар жайында айтты.  

ЭТД-нің бастамасының бірі – ашық есік күндерін өткізіп,  қызметтік иттердің, кинологтардың жұмысымен танысуына мүмкіндік беретін оқушыларға арналған экскурсия өткізу. 

Бұдан бөлек, қаржы секторының, адвокаттар мен қаржы сауаты саласының сарапшылары қатысатын, қаржы секторындағы өзекті қауіптерді талқылап, алдын алу жолы мен азаматтарды сақтандырудың әдіс-амалын үйрететін  «XXI ғасырдың қаржы триггері» деп аталатын форум өткізу де жоспарда бар.

«Бұл іс-шаралардың негізгі мақсаты тұрғындарды қаржы жағынан сауатты етіп, құқықтық мәдениетін көтеруге атсалысу. Біз экономика саласындағы заңсыздықтардың алдын алып, азаматтардың мүддесін қорғауды алдағы уақытта жалғастыра бермекпіз»,- деп түйіндеді Жақсылық Мырзахан.

Бұған дейін де департамент жастарға бағытталған бірнеше бастаманы сәтімен іске асырған. Атап айтар болсақ, студенттермен жұмыс істеп, қаржы сауаты жөнінде Республикалық олимпиада ұйымдастырды. Жастар онда қаржысын қорғауды, алаяқтықтан сақтануды үйреніп, білімін толықтырды. 

 «Заң мен тәртіп» аптасы тұрақты қаржылық орта қалыптастырып, азаматтардың жауаптылығын арттыруға бағытталған үлкен бағдарламаның шет жағасы ғана. Ұйымдастырушылар қала тұрғындарын осы іс-шараға қатысып, заң мен тәртіпті нығайтуға бір кісідей атсалысуға шақырды.

Бөлісу: