Алатау ауданындағы Момышұлы көшесі абаттанып жатыр

25 Маусым, 2025

Алатау ауданындағы Момышұлы көшесінде 4 500 шаршы метр болатын жаңа қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмысы басталды. Жобаны аудан әкімдігі мен «DM-STROI» ЖШС мердігер ұйымы бірлесіп іске асыруға кірісті.   

Алатау ауданының әкімі Талғат Малыбаев баспасөз туры барысында бұл жобаның мақсаты – жайлы әрі заманға сай қалалық орта құру екенін айтты:

«Біз де Панфилов көшесі мен Терренкур сияқты жайлы орындар болғанын қалаймыз. Алатау – шеткі аудан емес, сондықтан мұндағы абаттандыру жұмысы да Әл-Фараби мен Достық көшесінен кем болмауы керек».

Жаңа жасыл аймақта жаяу жүргінші жолы, велосипед жолағы салынып, демалыс орындары, арт-нысандар ашылып, қоқыс жәшіктерін қойып, жарықтандырмақ. Жоба аясында 103 жарық бағаны орнатылады, 1 028 м² асфальт, 3 077 м² брусчатка және 226 м² тартан жабыны төселеді.

Биіктігі 26 метр болатын ту қойылатын жарық баған да қойылмақ. Тудың өлшемі – 4×2 метр. «Бұл имидждік орын болады. Ұшақпен қалаға жақындағанда «Алатау» деген белгі бірден көзге түседі», – деді аудан әкімі.

Талғат Жанболатұлының айтуынша, абаттандыру жұмыстары биыл аудан бойынша 2,5 млрд теңге бөлінген «Бюджетке қатысу» (БНУ) жобасы аясында жүргізіліп жатыр:
«Бұл жобаларды тұрғындар өздері таңдап, дауыс береді, идея ұсынады. Жеңімпаз анықталғаннан кейін бірден іске кірісеміз. Қазір 500-ден астам өтініш келіп түсіп, 50 жоба іріктелді: оның 16 –сы балалар және спорт алаңын жөндеу, 31 – жаңа қоғамдық кеңістік, 3 –уі көшені жарықтандыруға қатысты жобалар».

Алатау ауданы тағы бір жаңа бастаманы - балалар алаңына күннен қорғайтын қалқа орнатуды қолға алыпты.

«Алаңның негізгі бөлігін маусым басталғанға дейін пайдалануға бердік. Қарасу ықшамауданында футбол алаңы мен көлді абаттандыруды қамтитын үлкен жобаны аяқтап жатырмыз. Мұның бәрі – өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға арналған жұмыстың бір бөлігі», – деді Талғат Малыбаев.

Жобаның басты мақсатының бірі – Момышұлы, Рысқұлов және Сайын көшесін жалғайтын жаяу жүргіншілер променадын құру.
«Біздің идея – аудан шекарасын түгел қамтитын “жасыл белдеуді” жарықтандырып, «Алатау» атауы бар жаңа белгі орнату. Қазір жұмыс жүріп жатыр, абаттандыру шілденің 10-на дейін аяқталады», – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, аудан әкімдігі командасы нысандарды бұзбай, оларды барынша сақтауға тырысатынын айтты:

 

«Асфальт пен тас төсеніш жақсы күйде болса, оны бұзбаймыз. Мүмкіндігінше сақтап қаламыз. Тек күйі кеткендерін ғана ауыстырады. Дархан Амангелдіұлының тапсырмасы бұл».

Сөз соңында әкім былай деп толықтырды:

«Бұлар жай ғана жол емес – бұл бейнебақылаумен жабдықталған, жарықтандырылған, жасыл, қауіпсіз көше. Үй-ішіңмен демалсаң да болады!»

Бөлісу: