Live
Алматының «Жасыл ел» жасағына 2100 адам жұмысқа тұрады
15 Мамыр, 2025
Алматыдағы «Жасыл ел» жасағының мүшелері 700 заң бұзушылықты анықтап, Ұлттық паркте рейд жасауды қолға алды.
Алматының жастар саясаты басқармасының қолдауымен, Алматыда жастардың «Жасыл ел» мен «Жас Эко Сақшы» еңбек жасақтары көктемгі жұмысқа кірісті. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен пресс-конференцияда Жастар саясаты басқармасы бастығының орынбасары Әділ Нұрпейісов «Жасыл елдегілердің» қалай жұмыс істеп жатқанын баяндады.
«Таза Қазақстан» бастамасының аясында 300 студент, оқу орнының түлектері мен еріктілер осындай экологиялық жұмыстарға тартылған. Олар алғашқы айда оңды-солды қоқыс төккен 50, абаттандыруға байланысты 700 заң бұзушылықты анықтады.
Алмаз Кеңесбайдың айтуынша, жасақтың негізгі міндеті сенбілікке қатысып, ағаш егу ғана емес, жастарды сонымен бірге экологияға жауапты қарап, қала тынысын жақсартуға атсалысуға да шақыру.
«Жасақ қазір жағалауды тазалау, жасыл-желекті қалпына келтіру, қала маңында ағаш егу сияқты 15 экологиялық іс-шара өткізіп үлгерді. Заң бұзушылықты анықтап жатса, оны бірден табиғат қорғау прокуратурасына, экология департаменті мен аудан әкімдіктеріне жолдайды»,- дейді, Алмаз Кеңесбай.
Әділ Нұрпейісовтың айтуынша, 2025 жылы экологияға мониторинг жасауға өте көп көңіл бөлінген.
«Біз суқорғау аумақтарын бақылауды да күшейттік. Қазір Балқаш-Алакөл бассейнінің инспекциясымен бірлесіп, жағалауды бақылап, заңсыз құрылысты анықтап отыратын жедел топ құрғалы жатырмыз»,- деді.
«Жасыл ел» жасағы Іле-Алатауы ұлттық паркінде алғаш рет жүйелі жұмыс жасағалы отыр. Жасақ мүшелері Медеу, Көк-Жайлау, ҮАӨ сияқты туристер көп жүретін бағыттарға рейд жасап, ақпараттық ескертпе орнатып, оларды ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ережесімен таныстырмақ ойда.
«Жасақтағылар жолға шықпас бұрын экологиялық тренингтен өтіп алады. Олардың әрқайсысы жай ғана жұмыс күші болып жүрмей, экологиялық мәдениетті таратуға да атсалысса екен дейміз»,- деді, Әділ Нұрпейісов.
«Жасыл ел» жобасы жастардың барлығын бірдей жұмысқа алады. Оған «Жастар рухы Алматы» арқылы, ҮЕҰ, оқу орындары мен студенттердің эко-клубтары арқылы қосылуға болады. Келгендерін жұмысқа алады, айлық береді, тәжірибе жинап қайтады»,- деп толықтырды, Алмаз Кеңесбай.
«Бұлардың көбі алғаш рет жұмыс істегелі отыр. Олар мұнда өзін үлкен істің басы-қасында жүргендей сезініп, алдағы өміріне азық боларлықтай тәжірибе жинап қайтады»,- дейді, басқарманың өкілі.
Президент тапсырмасының аясында іске асып, жақсы нәтиже беріп жатқан бұл бастама жастардың белсенділігін арттырып, азаматтар мен мемлекеттік құрылымның арасындағы байланысты нығайтуға да сеп болып жатыр. Жасақ енді жаз бойы жұмыс істемек.