Live
Алматыда тұтынушылар құқығына қатысты жиі орын алатын бұзушылықтар аталды
18 Қараша, 2023

«Ұлттық тұтынушылар лигасы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Светлана Романовская Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде сатушылар сатып алушыларды қалай алдап-арбайтынын айтты.
Кең таралған құқық бұзушылықтар тізіміне қызмет көрсету, жұмыстарды орындау және мерзімдер туралы шарттың орындалмауы кірді. Мысалы, тапсырыс берілген жиһазды уақытында бермейді немесе жөндеу жұмыстарын аяқтамайды.
Светлана Романовская өткен жылдың 9 айында еліміздің он өңірінде ЖОО базасында жұмыс істеп тұрған «Тұтынушылардың ұлттық лигасы» 9 954 сатып алушыға 2 млрд 458 млн 379 мың 537 теңгені қайтаруға көмектескенін хабарлады.
Лигаға студенттердің, олардың ата-аналары мен оқытушыларының 78 мыңы кіреді, олар адамдарға көмек көрсетеді.
«Көбінесе адамдар ұялы байланыс қызметтеріне, интернеттің сапасына, операторлардың тарифтерді біржақты түрде өзгертетініне және адамдар өздерігің бұл туралы мүлдем хабарсыздығына, тұтынушыларға қажет емес қызметтерді қоймай ұсынатынына шағымданады. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 24-бабы бойынша, біздің өз еркімізбен таңдау мүмкіндігі бар, ешкім бізге қажет емес нәрсені таңуға құқылы емес», - дейді Светлана Романовская.
«Ұлттық тұтынушылар лигасында» сатып алушыларға техникалық сипаттағы қызметтерді ұсынған кезде автомобильдерді сатуға қатысты мәселелер көтеріледі. Яғни, егер сатып алынған көліктің иесі осы автосалонда майды тексермесе және ауыстырмаса, онда оған бұл көлікке кепілдік берілмейді. Бұл шын мәнінде адамды жаңылыстыру.
«Көптеген адамдар білмейді, егер, мысалы, тапсырыс берілген жиһазды уақтылы жеткізбеген болса, онда жеткізу мерзімі аяқталған кезден бастап тұтынушы төлеген құннан кешіктірілген әр күн үшін 1% өсімпұл ала бастайды. Егер бір жыл бойы осы жиһазды жеткізбесе, онда сатушы 300% - дан астам өсімпұл төлеуі керек және бұл оны келісілген кездегі оның сапасы мен жауапкершілігінен босатпайды», - дейді Романовская.
Өзіңізді жосықсыз сатушылардан қорғау үшін келісімшартты дұрыс жасау өте маңызды. Мысалы, онда өнім жасалатын материалдың артикулын жазып, интернеттегі пікірлерді зерттеу керек.