Live
Алматылықтар бизнес бастау үшін 1,7 млн теңгеге дейін грант ала алады
13 Мамыр, 2026
Алматы жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті мемлекеттік тұрғыда қолдауды жалғастырып жатыр. Биыл қалада жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 380 мемлекеттік грант беріп, сондай-ақ бизнес бастайтын кәсіпкерлерді оқытып, оларды қолдау жағын жоспарлап отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов осылай деді.
Спикердің айтуынша, қазір өзінің жеке ісін ашып, тұрақты табыс табуды көздейтін азаматтарды қолдауға мемлекет көп көңіл бөліп отыр екен.
Бауыржан Жаубасовтың айтуынша, жаңа бизнес-идеяны іске асыруға арналған мемлекеттік грант 1 730 000 теңге мөлшеріндегі қайтарымсыз қаржылай көмек. Ол ақша жаңа бизнесті іске қосып, дамытуға берілмекші.
«Гранттар бизнес бастаған кәсіпкерлерге өз идеясын жүзеге асыруға, қажетті құрал-жабдық сатып алуға, өндірісті жолға қойып, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға көмектеседі. Әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарына көп көңіл бөліп отырмыз», — деп толықтырды сөзін басқарма басшысы.
Грант қаражатын бизнес жүргізуге қажетті құралдарды, технологиялық жабдықтар мен басқа да қажетті затты сатып алуға жұмсауға болады. Бірақ оны тұтынушылық мақсатқа, несиені жабуға, тұрғын үй немесе жер телімін сатып алуға, сондай-ақ акцизделетін өнім өндіруге пайдалануға болмайды.
Грант алатындардың қатарына тіркелген жұмыссыздар мен тіркелгеніне үш жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер іліге алады. Сонымен бірге үміткер әлеуметтік санаттың біріне жатуы тиіс.
Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар, қандастар, қоныс аударушылар мен асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алатын азаматтар бар.
Міндетті шарттың бірі — «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқығаны туралы сертификаттың болуы.
«Қала тұрғындарының кәсіпкерлікке деген қызығушылығы жоғары екенін көріп отырмыз. Сондықтан алматылықтарға өз ісін ашып, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға көмектесетін қолдау бағдарламаларын дамытуды жалғастыра береміз», — деп атап өтті Бауыржан Жаубасов.
Өтініш беру үшін business.enbek.kz порталында тіркелу қажет.
Грантпен қолдаудан бөлек, Алматыда жұмыспен қамту бағдарламалары аясында азаматтарды оқытып та жатыр. Атап айтқанда, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша қаладағы бизнес бастаған 406 кәсіпкер оқып, қолдау алған.
Сонымен қатар жұмыссыз азаматтарды кәсіби оқыту жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта тігінші, аспаз, кондитер, визажист, маникюр шебері, шаштараз, флорист пен құрылыс саласының маманы секілді сұранысқа ие 40 мамандық бойынша 282 бос орын бар екен.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында мемлекеттік қолдаудың барлық түрі бойынша кеңесті Алматыдағы Әлеуметтік қызметтер үйінен алуға болатынын ескертті. Мекенжайы: Достық даңғылы, 85. Азаматтарды қабылдау «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асады.