Live
Алматы әкімі №7 қалалық аурухананы жаңғырту жұмысы мен жаңа нысандардың құрылыс барысын тексерді
7 Наурыз, 2026
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Наурызбай ауданындағы бірқатар нысанды жаңғырту және құрылыс жұмыстарымен танысты.
Қала әкімі №7 клиникалық ауруханаға барып, онда жүргізіліп жатқан кешенді жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді. Қазіргі уақытта 9 ота жасайтын бөлме мен 16 жансақтау бөлімшесі уақытша басқа орынға көшірілген. Жаңғыртылатын 6 блоктың 3-інде инженерлік желілерді жаңарту және ғимараттың тірек құрылымдарын күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар медициналық мекеме тоқтаусыз жұмыс істеп тұр, көрсетілетін медициналық қызмет көлемі қысқарған жоқ. Жоба аясында инженерлік желілерді толық жаңарту, ғимараттың қасбеті мен желдету жүйесін жаңғырту, бөлімшелерді функционалдық тұрғыда қайта жоспарлау арқылы пайдалы алаңды ұлғайту, сондай-ақ замандық медициналық жабдықтармен қосымша жарақтандыру көзделген.
Дархан Сатыбалды аурухананың қаладағы негізгі медициналық мекемелердің бірі екенін атап өтіп, жаңғырту жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығына назар аударды. Сонымен қатар жауапты басқармаларға қалған 5 блокты жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді бастау тапсырылды.
Бұдан кейін Алматы әкімі Шұғыла шағынауданында салынып жатқан, бір ауысымда 500 адам қабылдайтын жаңа емхананың құрылысымен танысты. Медициналық нысан өтпелі галереялар арқылы байланысқан төрт үш қабатты блоктан тұрады. Кешен құрамына терапия және педиатрия бөлімшелері, сәулелік және функционалдық диагностика бөлімдері, зертхана, амбулаториялық хирургия орталығы және 26 орындық күндізгі стационар кіреді.
Емхана заманауи медициналық жабдықтармен, соның ішінде компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография, маммография және флюорография кабинеттерімен жабдықталады. Бұл жоғары технологиялық диагностика жүргізуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын биыл қараша айында аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар жұмыс сапары барысында Дархан Сатыбалды осы шағынауданда салынып жатқан 6 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосының құрылысымен де танысты. Қазіргі уақытта негізгі жер және іргетас жұмыстары толық аяқталып, жоғарғы қабаттардың құрылымдарын бетондау және жабын плиталарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Нысанды осы жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған. Бұл ауданның өрт қауіпсіздігін күшейтіп, төтенше жағдайға әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.