Live
Қазақ технократ ұлтқа айналуы керек
20 Қаңтар, 2026
Академик Асқар Жұмаділдаев та Ұлттық Құрылтайға келіп қатысты. Академиктің айтуынша, мемлекет басшысы қазақты технократ ұлт болуға үндеп жүр. Өкінішке қарай, қазір біздің қоғам жасанды интеллектінің не екенін білгенімен, ол туралы әлі де терең біле бермейді екен. Жасанды интеллектіні дамытқанда ол туралы білім беріп, оның пайдалы және зиянды жағын да қатар оқытуымыз керек деген ой айтты академик Құрылтайда.
«Жасанды интеллектіні дамытуға адамның өзі қатысуы керек. Оны насихаттау керек, ғылым-біліммен қатар алып жүру керек. Біздің қазақ екі қателік жасады: біріншісі – латын қарпін жасаған кезде оны филологтардың ғана қолынан келеді деді. Филологтар – теоретик. Оны халықтың өзі жасауы керек. Екіншісі – жасанды интеллектіні де математиктер жасауы керек деген пайым. Олар жасай алмайды. Оны жасау үшін база, негіз болуы керек. Оның артында ғылым тұруы керек. Сонда ғана ісіңіз өнеді»,- дейді.
Академик бұл жолғы құрылтай елге үлкен өзгеріс алып келетініне, мұндай диалог Қазақстанды дамытуға сеп боларына сенім білдірді.
Кәсіпкер Сырымбек Тау Ұлттық Құрылтайда көп банктердің онлайн платформада сатқан дүниеңіздің 15 пайызын ұстап қалып отырғанын айтты.
«25 пайызбен кредит аламыз, 15 пайызды онлайн платформаға береміз, 16 процент қосымша құн салығын төлейміз, оның сыртында өзіміздің шығындар тағы бар. Сонда кәсіпкердің қалтасына 78 пайыздық үстеме түсіп тұр. Ол кәсіпкерге мүмкіндік беру емес»,- дейді. Қазір 5 миллиондай адамға жұмыс тауып беріп отырған дәл осы шағын және орта кәсіп екенін айтты.