Live
Әуезов ауданында инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, коммуналдық желілер модернизацияланды
6 Қараша, 2025
Әуезов ауданында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту мен коммуналдық желілерді модернизациялау бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында аудан әкімі Абзал Егембердиев хабарлады.
Әкімнің айтуынша, Мамыр-4 шағынауданында ұзындығы 12,3 шақырым болатын су мен кәріз желісі салынған. Бұл мыңға жуық тұрғынды сапалы инженерлік коммуникациямен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ Сайын – Жандосов – Қарғалы өзені – Шаляпин көшесінің аумағында және Достық шағынауданында ірі жобалар іске аса бастады. Соның арқасында 7 мыңға жуық тұрғын осы заманғы инженерлік желіге қосылатын болды.
Аудандағы инженерлік желінің жалпы ұзындығы – 1 854 шақырым, олардың 65 пайызы тозған. Коммуналдық қызметтер жүйелі түрде қайта жаңарту мене жөндеу жұмысын жүргізіп келеді. 2024 жылы жалпы ұзындығы 9,3 шақырым инженерлік желі жаңартылды, оның ішінде жылу, су мен жарық жүйесі бар.
«АлТС» ЖШС Жетісу-2 шағынауданында ұзындығы 1,1 шақырым жылу желілерін қайта жаңартты. «Алматы Су» компаниясы Ақсай-3А шағынауданында 2,7 шақырым су желісін және Таугүл мен 6, 8, 9 шағынауданында 1,6 шақырым аулалық кәріз жүйесін жаңартты. «АЖК» АҚ 4,6 шақырым электр желісін жаңалап, 120,4 миллион теңгеге 49 трансформаторлық қосалқы станцияны жөндеді.
Сыртқы жарықтандыру саласы да назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде ауданда 20 мыңнан астам жарық шамы мен 19 мың тірек орнатылған, жарық желілерінің ұзындығы 72 шақырым. Кешенді жұмыстың арқасында жарықтандыру деңгейі 85 пайыздан 100 пайызға дейін өсті. Соңғы уақытта 5,5 мың шам ауысып, 2 мыңнан астам тірек орнатылды, сондай-ақ бұрын жарық болмаған 81 жерде жаңа желі салынды. Жандосов, Шаляпин, Абай, Алтынсарин, Сайы мен Төле би көшесінің бойына да 410 шам орнатылды.
Жол саласында да белсенді жұмыс жүріп жатыр. Биыл 11 көшеде ұзындығы 7,8 шақырым жол жөндеуден өтті, 36 мың шаршы метр асфальт жабындысы қалпына келтірілді. Жыл соңына дейін тағы 2 мың шаршы метр жол жөнделеді. Сондай-ақ ауданда жалпы аумағы 16,5 мың шаршы метр болатын 75 тротуар учаскесі абаттандырылды.
Су тасқыны мен нөсер кезіндегі су жиналу мәселесі де біртіндеп шешіліп жатыр. Соңғы екі жылда су жиналатын 50-ге жуық учаске жойылды, 3,2 шақырым арық желісі жөнделіп, екі шөгінді қоймасы салынып, жол астындағы 10 өткел ауыстырылды. Қазір ұзындығы 18,5 шақырым болатын жаңа арық желісі салынып жатыр, жоба 2026 жылдың соңына дейін бітпек.
Инженерлік желілерді кешенді түрде жаңарту, жарықтандыруды жақсарту, жолдарды жөндеу және нөсерлік кәріз жүйесін жетілдіру нәтижесінде Әуезов ауданы жайлы әрі осы заманғы қалалық орта қалыптастыру бағытында тұрақты қадам жасап келеді.