Жетісу ауданында жастарға арналған Инновациялық орталық салынбақ

10 Шілде, 2025

Жетісу ауданының әкімі Ляззат Жылқыбаева өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында жастардың жан-жақты дамуына ықпал ететін – аудан аумағындағы алғашқы инновациялық шығармашылық орталықтың құрылысын таныстырды.

Әкімнің айтуынша, жаңа орталық Айнабулак-2 шағын ауданында салынып, жасөспірімдер мен жастардың креативті әрі технологиялық дағдыларын дамытуға арналған жаңа алаңға айналады. Орталықтың құрылысын 2026 жылдың соңында аяқтау жоспарланған.

«Бұл орталық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталады. Сонымен қатар, жастардың өнерден бастап технологияға дейінгі түрлі саладағы идеяларын жүзеге асыруына арналған кеңістік болады. Бұл тек білім беру орталығы емес, сонымен қатар мәдени алаң болады деп сенеміз», – деп атап өтті Ляззат Жылқыбаева.

Орталық 2 гектар жерде орналасады. Мемлекеттік қордың балансындағы бұл жер тұрғындардың өтініші бойынша таңдалған. Мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін құрылыс жұмыстары 2025 жылдың IV тоқсанында басталады.

Инновациялық шығармашылық орталықта мынадай нысандар бар:

- өнер бағытындағы студиялар;

- жаңа технологиялармен жұмыс істеуге арналған зертханалар;

- көрме және шығармашылық кеңістіктер;

- шеберлік сағаттары, дәрістер мен мәдени шаралар.

Ляззат Жылқыбаева жобаның жүзеге асырылуы – аудандағы креативті индустрия мен жастар ортасын дамытуға қосылған маңызды үлес екенін атап өтті.

«Бұл – білім сапасын арттырып, жастарымыздың өзін дамытуына мүмкіндік беретін маңызды қадам», – деді ол.

Бөлісу: