Алматылық оқушылардың 96% жазғы маусымда демалып, ем алып, жаңа кәсіпке машықтанады.

9 Маусым, 2025

Алматыда 2025 жылғы жазғы маусымда 281 мың оқушы демалып, жаңа кәсіпке машықтанып жатыр. Бұл – 1 мен 10 сынып аралығындағы оқушылардың жалпы санының  95,7% деген сөз. Былтыр, мәселен, 266 343 оқушы жаз маусымын дәл осылай өткізіпті.

Биыл Алматының мектеп жанындағы лагерлерінің жұмысы жылдағыдан да қызықтырақ өтпек. Оқушылар тарыдан жент жасап, құрт жайып, тігін тігіп, кесте тоқып, өз қолдарымен сөмке жасайды. Сонымен бірге, балаларға қазақтың ұлттық ойыны – хан талапай ойнатып, асық атып, күреске де баулып жатыр.  Бұдан бөлек, балалар робототехника мен программалауды оқып, домбыра, жетіген, баян тартуды да үйренбек. 

БАҚ өкілдері пресс-турдың аясында мектеп жанындағы лагерьлерге барып, балалармен, білім беру саласының қызметкерлерімен сұхбаттасты.

Алматы қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Тәжібаевтың айтуынша, қалада IT дағдысын дамытуға, отбасылық құндылықтарды нығайтып, патриоттық тәрбиеге бағытталған тақырыптық лагерьлер жұмыс істейді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан бірыңғай тәрбие бағдарламасы – «Адал азамат» жобасына ерекше мән берілген.

«Қалада 200-ден астам жалпы білім беретін мектеп бар. Оқу жылы аяқталғаннан кейін, олардың көбінде мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істей бастады. Оқушылар лагерьлерге жергілікті бюджеттің есебінен тегін барады. Бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санаттағы балаларды 9 маусымға дейін тегін аспен қамту жағы да қолға алынған. Жалпы, маусым айы бойы лагерьге таңғы уақыттан түске дейін тегін қатысуға болады, бірақ бұл кезде тамақ берілмейді. Шілде айында мектептер жаңа оқу жылына даярланып, жөндеу жұмысына кіріседі. Тамыз айында лагерьлер жұмысын қайта бастайды. Бұл кезде де балалар таңертеңнен түске дейін өз еркімен тегін қатыса алады. Сонымен қатар, жақын арада жергілікті бюджет есебінен сыртқы (қаладан тыс) лагерьлер де ашылмақ. Қазір балаларды қабылдауға дайын ұйымдарды іріктеп жатыр. Қаладағы қосымша білім беретін ұйымдар да белсенді жұмыс істеп тұр:  19 мемлекеттік, 122 жекеменшік мекемеде 28 мыңнан астам бала білім алады», – деді Мұхтар Тәжібаев.

Мәселен, №140 мектеп базасында ашылған спорттық бағыттағы лагерьде 5–6 сынып оқушылары волейбол, футбол, тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық ойын түрлері бойынша тереңдетілген дайындықтан өтіп жатыр. Жаттығумен бірге теориялық сабақ та өтіп, балалардың тәртібін түзеп, командалық рух қалыптастырмақ.

Ал №97 мектеп жанынан ұйымдастырылған «Арман» лагері бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал топтағы балаларды қамтыған. Мұнда спорттық және шығармашылық іс-шаралар, экскурсиялар, зияткерлік ойындар мен шеберлік сабақтары өткізіледі.

Алматы құрылыс-техникалық колледжінің базасында «Болашақ мамандық өткізген жаз маусымы» атты бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Мұнда жоғары сынып оқушылары ағаш ұсталығын, графикалық дизайн негіздерін меңгеріп, құралмен жұмыс істеп, SketchUp бағдарламасы арқылы 3D-модельдеуді үйренеді. Бұл оқушыларды жаңа кәсіпке баулуға мүмкіндік береді.

Патриоттық және мәдени тәрбиеге де ерекше назар аударылған. №208 мектеп жанынан ашылған «Ethno City» этнолагері – жас ұрпақты қазақстандық рухта тәрбиелейтін бірегей алаң. Мұнда балалар қазақтың дәстүріне қанығып, ұлттық құндылықты үйренбек. Лагерь аумағында бірнеше киіз үй орнатылған.  Балалар мұнда ұлттық қолөнерден шеберлік сағатына қатысып, қазақы бұйымдар мен әшекейлер жасайды. Бұлар балаларды шынықтырып қана қоймай, оларды қазақ халқының бай мұрасымен таныстыруға да сеп болмақ.

Наурызбай ауданындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылығы орталығында жұмыс істейтін IT-лагерьде 7–15 жас аралығындағы балалар бағдарламалаудың негіздерін үйреніп, өз ойындарын құрастырады, электроникамен танысып, қызықты ғылыми тәжірибелерге қатысады.

Осылайша, Алматы қаласындағы жазғы лагерьлер балалардың демалып қана қоймай, уақытты пайдалы етіп өткізуіне, жаңа білім алып, кәсіпке машықтанып, көкжиегін кеңейтуіне мүмкіндік беріп отыр.

Бөлісу: