Алматыда «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтініш қабылдау басталды: Идеясын іске асырғысы келетін жастар миллион теңгеге дейін ала алады

22 Мамыр, 2025

Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қоры «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттарын беру мақсатында ауқымды іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында, Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Алмаз Кеңесбай мен «Адырна» қоғамдық қорының жетекшісі Кәрім Ислам осы байқауға толығырақ тоқталды.

 

Жобаның негізгі мақсаты – Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосатын, заманға сай, білімді, бастамашыл және отаншыл жас ұрпақты қолдау. Гранттар жастардың инновациялық, шығармашылық, ғылыми, кәсіпкерлік, мәдени және әлеуметтік жобаларды іске асыруына мүмкіндік бермек. Өтінішті биылғы 1 мамырдан 1 тамызға дейін қабылдайды.

 

«Бұл жоба – жастардың ел игілігіне бағытталған идеяларын жүзеге асыруға арналған үлкен мүмкіндік. Біз белсенді жастардың әрқайсысына қолдау көрсетуге әзірміз», – дейді Алмаз Кеңесбай.

 

Байқау мына бағыттар бойынша өтеді:

•         Ғылым – ғылыми зерттеулер мен жобаларды қолдау;

•         Мәдениет – ұлттық мұраны насихаттау;

•         Ақпараттық технологиялар – IT шешімдер мен стартаптар;

•         Бизнес – жаңа бизнес-идеяларды іске асыру;

•         Медиа – танымдық және пайдалы контент құру.

 

«Біз жастардың қоғамға пайдалы жобаларды іске асырып, азаматтық белсенділігін арттыруына көмектескіміз келеді. Мақсатымыз идеяны қаржыландыру ғана емес, белсенді жастардың қоғамдастығын да қалыптастыру», - деп қосты «Адырна» қоғамдық қорының жетекшісі.

 

Әр гранттың сомасы – 1 000 000 теңге. Жалпы 13 жеңімпаз анықталады.

 

Байқау - өтінімдерді қабылдап, оны бағалайтын екі кезеңнен тұрады. Комиссия құрамына мемлекеттік органның өкілдері, сарапшылар мен ғалымдар кірген.

 

Жобаның кеңсесі Алматы қаласы, Тимирязев көшесі, 59 А мекенжайында жұмыс күндері 09:00-ден 18:30-ға дейін жұмыс істейді (сенбі, жексенбі және мереке күндерін қоспағанда).

 

Қосымша ақпарат пен онлайн өтініш беруге арналған жобаның платформасы: opengrantalmaty.kz

 

Байланыс телефондары сайтта көрсетілген.

 

Ұйымдастырушылар Алматының белсенді жастарын байқауға қатысып, өз идеясын жүзеге асыруға шақырады.

Бөлісу: