Ұлы қолбасшының мұрасы: Бауыржан Момышұлының стратегиясы мен оның қазіргі кездегі өзектілігі

5 Мамыр, 2025

Қазақстанның әскери оқу орындарында офицерлерді даярлауда Бауыржан Момышұлының тактикалық, стратегиялық танымына әлі күнге дейін үлкен мән береді. Батырдың тосын ойлары зерттеліп қана қоймай, қазіргідей шым-шытырық соғыста болашақ командирлердің ой-өрісін дамытуға да септігі тиіп жатыр.

Мәселен, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институты осы Панфилов атындағы 316 атқыштар дивизиясының әскери қимылын жан-жақты зерттеп, ондағы орағытып қорғану әдісі мен сарбаздың ұрыс даласындағы төзімділігіне де сараптама жасамақ алда.  

«Институттың «Тактика» пәнінде қай мамандық болсын, бәрі қазір осы тактикалық әдісті оқып-тоқып жатыр».- дейді С. Нұрмағамбетов атындағы әскери институттың Тактика кафедрасының доценті Көмекбай Қойшығұлов. 

Оқу орны, әсіресе «Момышұлының спиральі» деп аталатын бірегей концепцияға ерекше мән беріпті. Қорғаныс пен қарсы шабуылды кезек-кезегімен үдететін бұл әдіс жауды есеңгіретіп, әлсіретудің амалы. Жаттығу кезінде курсанттар осының бәрін өздері істеп көріп, әскери білімін шыңдап жүр. Теориялық жағында – мемуарына, күнделіктеріне сараптама жасап, батырдың ойын ұғып,  оны ой елегінен өткізіп, түсінуге тырысады курсанттар.  

 «3-4 курстың курстанттары қазір осы әдісті оқып жатыр. Тактика пәнінде Ұлы отан соғысы мен басқа да соғыс кезіндегі ұрыс тәсілдерін қоса оқытады»,- деп қосты С. Нұрмағамбетов атындағы әскери институттың Тактика кафедрасының доценті Көмекбай Қойшығұлов. 

 

Әскери өнерді жетік білген мықты қолбасшы ретінде де - жазушы, философ, Сәвет Одағының батыры Бауыржан Момышұлының аты  тарихта қалды. Оның лейтенанттан полковниккке дейінгі өмір жолы, 1941 жылы Мәскеуді қорғағандағы ерен ерлігі әскери өнердің тарихына алтын әріптермен жазылды. 

 «Момышұлының өмір жолы – нағыз әскери қайраткердің өмір жолы мен үшін»,- дейді  С. Нұрмағамбетов атындағы әскери институттың бірінші курсына оқитын Расул Бақытқаниев.

«Ол теорияны, әскер өнердің практикасын, әскери педагогиканы, әсери психологияны байытатындай үлкен мұра қалдырып кетті. Ол кісінің халыққа, ана тіліне адалдығы да өз алдына бөлек әңгіме. «Анамыздың ақ сүтімен дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамыздың тарихын ұмыту» деген сөзі бар»,- дейді Расул.

 Момышұлы 1941 жылы Мәскеуді қорғауға қатысып, өзін ықшам, ширақ қимылдайтын мықты қолбасшы етіп көрсетті. Ол басқарған бөлімше бірнеше есе көп жаудың қаншама шабуылын тойтарып, арасында өздері де қарсы шабуылға шығып, неміс әскеріне ойсырата соққы беріп,  талай ұрыста аз шығынмен жеңіске жетіп отырған. 

Батыр соғысты кіші офицер болып бастап, полк командиріне дейін жоғарылады.  Бірнеше рет жараланғанына қарамастан, солдаттарын әрқашан соғысқа сақадай-сай ұстап, оларды ұрысқа өзі бастап шығып жүрді.  Соғыстан кейін естелік, кітап жазып, соғыстағы әскери тактика мен стратегия сияқты бірнеше кітаптың авторы атанды. 

 «Біз институтта Бауыржан Момышұлының мұрасын зерттейміз. Оның «Москва үшін шайқас», «Офицердің жазбасы», «Соғыс психологиясы», «Біздің отбасымыз» дейтін еңбектерін курсанттар қолынан тастамайды. Оның қай

кітабын алсаңыз да, халық туралы, соғыс кезі, сарбаздарды даярлау сияқты ой-толғауға толы. Оның  майдандас достары туралы естелігі де өз алдына бір төбе»,- деді курсант Расул Бақытқаниев. 

Момышұлының әскери өнерге қосқан үлкен бір үлесі – «Спираль» тактикасы болды.

Ол деген:

 

1.      Орағытып қорғану — әскерді арлы-берлі орағытып, шегініп бара жатқандай әсер қалдырып, жауды алдап соғу. 

2.      Қарсы шабуыл  — жаудың әлсіз, талма тұсына күтпеген жерден соққы беру 

3.      Психологиялық қысым — өтірік ақпар беру, түнгі шабуыл, бірнәрсеге даярланып жатқандай әсер қалдыру 

4.      Барды үнемдеу — қолда бар күшті есеппен бөліп, адам шығынын барынша азайту 

 

«Әскердің жылдам, епті қималдауы жаудың мысын басып, жауынгерлердің рухын көтеруге көмектеседі. Екіншіден, жаудың адам күші мен техникасына орасан зор шығын келтіріп, өздері аз шығынмен ұрыстан шығып отырады. Мәселен, танктер мен басқа да техникасына граната лақтырып, минамен жарып жіберіп, өздері дер кезінде кері шегініп кететін. Үшіншіден, жау бар уақытын торуылды жоюға жұмсайтын. Төртіншіден, мұндай «қақпан» жаудың сағын сындырады», дейді курсант Расул Бақытқаниев.

С. Нұрмағамбетов атындағы әскери институтта Бауыржан Момышұлына арналған тематикалық кештер мен естелік іс-шаралар жыл сайын өтеді. «Офицердің жазбасы» мен «Соғыс пихологиясы» деп аталатын әйгілі еңбегі курсанттардың қолынан түспейтін кітап. Батырдың еңбектеріндегі кейіпкерлер өмірден алынған, онда командирдің жауаптылығы, сарбаздың әскери борышы туралы өміршең дүниелер өте көп. 

«Момышұлының спиральінің» маңызын қазіргі өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Осы тактиканың кейбір элементтерін қазір Куба мен Израильдің әскери академиясында оқытып, соғыс кезінде қолданып та жүргенін айтады, доцент Көмекбай Қойшығұлов.  Бұл – соғыс кезіндегі стратегия әлі өміршеңдеген жоғалтқан жоқ деген сөз.  

«Әскери  өнер – үлкен өнер. Б. Момышұлы осы өнерді философияға айналдырды. Оның мұрасы курсанттарды  баулып, әскери өнердің әліппесін үйретіп, оларды нағыз Отанның қорғаушысы етіп тәрбиелеп жатыр»,- деп атап өтті зерттеуші.

 «Біз қазіргі бейбіт өмірді сыйлаған осы батырларды құрмет тұтып, қадірлеуіміз керек.  Соғыстың сүргіні келмеске кетіп, халқымыздың өткендегі ерлік істерін ұмытпайық. Еліміз, жеріміз аман болып, соғыс бізді айналып өтсін. Бәріңізге денсаулық, бақыт тілеймін. Жеңіс күні құтты болсын!»,- деп аяқтады Расул Бақытқаниев

 

Бөлісу: