Live
Алматы индустриялды аймағында микрошөп өсіретін вертикалды жылыжай іске қосылды
16 Сәуір, 2025

2024 жылдың желтоқсанында Алматы қаласының индустриалды аймағында (АИА) салат, руккола, базилик және басқа да микрошөп түрлерін өсіруге арналған инновациялық кешен іске қосылды. Журналистер АИА аумағында Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы мен өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында кәсіпорынның қызметімен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 300 000 өнімді құрайды. Инвестициялар көлемі – 121 млн теңге, оның ішінде 100 млн теңге – өз қаражаты, 21 млн теңге – «Аlmaty» микроқаржы ұйымы» ЖШС-нен («Алматы» ӘКК» АҚ еншілес компаниясы) 2% мөлшерлемемен алынған қарыз қаражаты.
Компания директоры Ульяна Савченконың айтуынша, жылыжай ашу идеясы жаңа және экологиялық таза өнімдерге сұраныстың артуына байланысты пайда болды.
«Бүгінде көптеген адамдар дұрыс тамақтануды қалайды. Гидропонды жүйелер бізге сапалы көк шөп өнімдерін жыл бойы, ГМО мен химия пайдаланбай өсіруге мүмкіндік береді. Маусымдық өзгерістер бағаға әсер етпейді, тіпті маусымның ең қызған кезінде де бағалар тұрақты болып қалады», – деп мәлімдеді У. Савченко.
Жобаны іске асыруға кәсіпкерлер жеке инвестиция салды. Бұл қаражатқа металл сөрелер жасалды, шамдар, кептіргіштер, кондиционерлер, су сүзгілері, контейнерлер, сорғылар, сондай-ақ өнімді жеткізуді ұйымдастыруға арналған автомобиль сатып алынды.
Сонымен қатар, баспасөз туры барысында журналистер бірнеше кәсіпорындардың, соның ішінде жеңіл автомобильдер шығаратын толық циклді зауыттың және автомобиль орындықтарын өндіруге мамандандырылған зауыттың қызметімен таныса алды.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласының индустриалды аймағы — инвестициялық жобаларды орналастыру үшін құрылған ірі өндірістік алаң. Оның аумағында 107 компания жұмыс істейді, ал инвестициялардың жалпы көлемі 550 млрд теңгеден асады. 2016-2024 жылдар аралығында мұнда 41 жоба іске асырылып, 4,4 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, ал шығарылған өнім сомасы 2,5 трлн теңгеден асты