Алматыда 2024 жылы жүрекке жасалатын оталарға 18,6 млрд теңге бөлінді

11 Сәуір, 2025

2024 жылы Алматы қаласында жоғары технологиялы медициналық көмек көрсетуге рекордтық деңгейде қаржы бөлінді. Алматы тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында ең заманауи әрі қымбат ота түрлерін тегін алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалының директоры Ілияс Мұхамеджан мәлімдеді.

«2024 жылы Алматы қаласында тек кардиохирургиялық оталарға 18,6 млрд теңге бағытталды. Барлығы 6805 ота жасалды, оның әрқайсысының орташа құны - 2,7 млн теңге», - деді Ілияс Мұхамеджан.

Сонымен қатар, қалада 8 млрд теңгеге 4521 нейрохирургиялық ота, 7 млрд теңгеге жамбас және тізе буындарын ауыстыру бойынша 4593 ота жүргізілген. Сондай-ақ, нейро-қан тамыр және қан-тамыр жүйесіне жасалған 5 045 отаға Қор 6,7 млрд теңге төледі. Сонымен қатар, жалпы құны 709,7 млн теңгелік 107 бауыр мен бүйрек алмастырылды.

«Егер қымбат ота түрлері туралы айтсақ, сақтандырылмаған азаматтарға мұндай медициналық көмек бірнеше миллион теңгеге түсуі мүмкін. Олардың құны адамның төлеген жарнасына байланысты емес. МӘМС жүйесінің әлеуметтік маңыздылығы осында», - деп атап өтті Ілияс Мұхамеджан.

Оның айтуынша, ең қымбат оталардың қатарына жүрекке қосымша қолдау көрсететін құрылғыны орнату (77,5 млн теңге), жүректің митралды қақпақшасын алмастыру (17 млн теңге) және аллогенді гемопоэтикалық дің жасушаларын алмастыру (16,9 млн теңге) кіреді. Бұл ота түрлерінің барлығы МӘМС жүйесі арқылы қаржыландырылды.

Бөлісу: