2025 жылы Алматының денсаулық сақтау саласына 344 млрд теңге жұмсау жоспарланған

11 Сәуір, 2025

2025 жылы оңтүстік астананың денсаулық сақтау саласы бюджеті 344,7 млрд теңгені құрап отыр. Оның 165,1 млрд теңгесі – МӘМС пакетіне, қалған 179,6 млрд теңгесі – тегін медициналық көмек пакетіне тиесілі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Ілияс Мұхамеджан хабарлады.

Айтуынша, МӘМС шеңберінде қаржыландыру деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 7% өскен.

«Биыл Алматы қаласы бойынша 230 медицина мекемесі Қормен келісімшарт бекіткен, оның 138-і – жекеменшік. Қормен жұмыс істеуге ниет білдірген жаңа клиникалар саны – 12. Олар негізінен емханалар мен стоматологиялық клиникалар.

Кепілдендірілген тегін көмек және МӘМС пакеттері бойынша тапсырыс алған емханалар мен стационарлар тізімін Қордың msqory.kz ресми сайтынан табуға болады», - деп атап өтті Ілияс Мұхамеджан.

2025 жылы қаржының басым бөлігін яғни, 46 млрд теңгесін амбулатория деңгейінде көрсетілетін медициналық көмекке, соның ішінде, емхана қызметіне, 36,9 млрд теңгесін консультативтік-диагностикалық қызметтерге жұмсау жоспарланған. Бұл бағытты қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 23% артып отыр. 

2025 жылы жүкті әйелдерді антенаталды бақылауға қоса, МӘМС шеңберінде бала сүюге дайындалып жүрген (прегравидарлық даярлық) ерлі-зайыптыларға консультативтік-диагностикалық көмек қарастырылған. Бұған Қор 651 млн теңге бөлді. Бұл дені сау ұрпақ әкелуге жоспарлы дайындық деңгейін көтеруге көмектеседі.

Прегравидарлық даярлық (алдын-ала даярлық) – ерлі-зайыптылардың дүниеге бала әкелуге дайындығы мен денсаулық жағдайын диагностикалауға арналған профилактикалық және емдік шаралар кешені. Ол «Аналар саулығы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүргізілмек.

Бөлісу: