Live
Алматыда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға 43 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді
8 Сәуір, 2025

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің табиғи монополиялар мен бағаларды реттеу бөлімінің басшысы Ардақ Жаңабаева «энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылуы туралы айтып берді.
Оның ақпараты бойынша, 2025 жылға Алматы қаласына 43 672,1 млн теңге көлемінде инвестиция қарастырылған. Қаражат қаланың инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталады: 24 065 млн теңге – электрмен жабдықтау желілерінің 114 шақырымын жаңғырту мен салуға және 29 бірлік жабдық сатып алуға, 19 607,1 млн теңге – су құбыры желілерінің 55,9 шақырымын жаңғырту мен салуға жұмсалады.
«Бүгінде ШЖҚ «Алматы Су» МКК мен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ жобаны іске асыруға дайын. Біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, басым бағыттарды айқындап, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және сараптамадан өткізу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деп хабарлады Ардақ Жаңабаева.
Оның айтуынша, қаржыландыру тікелей несиелеу, облигациялар шығару және бюджеттік несиелеуді қоса алғанда, әртүрлі тетіктер арқылы жүзеге асырылады.
«Бұл шара аз қамтылған азаматтарға олардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, көмек көрсетуге мүмкіндік береді, бұл мемлекеттік қолдау қаражатын тиімді бөлуге ықпал етеді», - деп толықтырды спикер.