Алматыда су мен жылуды тұтынудың әлеуметтік нормалары енгізілуде

8 Сәуір, 2025

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің табиғи монополиялар мен бағаларды реттеу бөлімінің басшысы Ардақ Жаңабаева ресурс үнемдеуді ынталандыру бойынша жаңа шараларды - тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу жобасын ұсынды.

«Су ресурстарын тұтыну мәдениетін арттыру және тұтынушыларды суды және жылуды үнемдеуге ынталандыру үшін табиғи монополиялар туралы заңнамаға «тұтынудың әлеуметтік нормалары» ұғымы енгізілді. Олар «неғұрлым көп үнемдесеңіз, соғұрлым аз төлейсіз» қағидаты бойынша сумен жабдықтау және жылумен жабдықтау қызметтерін тұтыну көлеміне байланысты жоғары тарифтерді белгілеуге бағытталған», - деп атап өтті спикер.

Оның айтуынша, сумен жабдықтауда тарифтердің төрт деңгейлі жүйесі қолданылады: 3 м³ дейін - ағымдағы тариф; 3 - тен 5 м³ дейін - +20%; 5-тен 10 м³  дейін - +50%; 10 м³ жоғары және есептегіш болмаған жағдайда-қос тариф.

Сонымен қатар, жылыту үшін нормалар тұрғын үйдің ауданы бойынша есептеледі: 100 м² дейін - бекітілген тариф; 100 - ден 200 м² дейін - +10%; 200 м² жоғары-орташа тариф.

Ардақ Жаңабаева сараланған тарифтер арқылы түсетін қосымша қаражат тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңарту ісіне жұмсалатынын айтты. Атап айтқанда, инженерлік желілер жаңартылып, ресурс үнемдейтін технологиялар енгізіледі және есептеу құрылғылары орнатылады.

Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта «Алматы Су» (3,3 млрд теңгеге) және «Алматы жылу жүйесі» (83 млн теңгеге) инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге өтініштер қаралуда.

«Бұл шаралар инфрақұрылымды дамытып қана қоймай, тұрғын үй көмегі есебінен аз қамтылған отбасыларды атаулы түрде қолдауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Жаңабаева.

Бөлісу: