ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: Алматының тұрғын үй саласын реновациялау

24 Желтоқсан, 2024

2024 жылғы 29 қарашада Алматы қаласының мәслихаты 2030 жылға дейін тұрғын үйді реновациялаудың жаңа бағдарламасын бекітті. Бүгінгі таңда Алматыда 1366 ескі тұрғын үй тіркелген. Осы үйлердің жартысын, яғни 683 үйді, 2030 жылға дейін жаңарту көзделген.

 Жаңа бағдарламаның басты ерекшелігі – кварталдық салу принципінің енгізілуі. Бұл тәсіл ескірген тұрғын үйлерді жүйелі түрде жаңарту арқылы қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін күшейтуге және тұрғын үй қорының сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында ескі үйлердің иелеріне екі негізгі балама ұсынылады.

«Бөлмеге бөлме» қағидасы бойынша айырбастауға немесе нарықтық құны бойынша өтемақы алуға мүмкіндік алады.

Сейсмикалық қауіпсіздікті арттыру үшін тектоникалық бұзылыстарда орналасқан қаңқалы үйлер мен ғимараттарды бұзуға ерекше назар аударылады.

Ғимараттарды көшіру және бұзу барлық меншік иелерінің келісімімен ғана жүзеге асырылады.

Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кедергісіз кіруді қамтамасыз ететін лифттермен және пандустармен жабдықталған бірінші қабаттарға немесе үйлерге көшу қарастырылған.

Бағдарлама аясында құрылыс барысында сейсмикалық қауіпсіздікке ерекше назар аударылады, бұл жер сілкінісі қаупі бар аймақ үшін маңызды қадам.

Бөлісу: