Алматы экономикасына 2025 жылы 2,3 трлн теңге тарту жоспарлануда

19 Желтоқсан, 2024

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев хабарлады.

Қабылданып жатқан шаралардың арқасында бүгінде Алматы – шикізаттық емес сектордағы инвестициялар жөніндегі елдің басты хабы. Ағымдағы жылдың 11 айында Алматыда негізгі капиталға 1,5 трлн теңге инвестиция тартылды.

Инвестициялардың ең көп өсуі өңдеу өнеркәсібінде (2 есе, үлесі – 6,8%), білім беруде (+61,1%, үлесі – 5,3%), электрмен және жылумен жабдықтауда (+54,7%, үлесі - 3,8%), көлікте (+32,5%, үлесі – 15,6%), денсаулық сақтауда (+26,3%, үлесі-4,3%), сумен жабдықтау және су бұру (+21,0%, үлесі – 2,0%).

"Бұл экономиканың басым салаларын дамыту үшін инвестициялар құрылымының сапалы өзгеруін растайды", - деп атап өтті Ерболат Досаев.

Қала экономикасының қарқынды дамуын және жергілікті бюджет кірістерінің айтарлықтай өсуін ескере отырып, 2024 жылғы 6 желтоқсанда Fitch Ratings Алматының "ВВВ+" деңгейіндегі дербес кредиттік рейтингін, "Тұрақты" болжамын растады.

"Жалпы, біз қала экономикасына 2024 жылы 2 трлн теңге және 2025 жылы 2,3 трлн теңге тартуды жоспарлап отырмыз", - деді қала басшысы

Бөлісу: