Алматыда агробизнес саласындағы несиелеу бағдарламалары туралы айтылды

13 Шілде, 2023

 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары – Басқарма мүшесі Айдын Досқараев айтып берді.

Брифингке "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ Алматы облысы бойынша филиалының директоры Әмірхан Смайылұлы да қатысты.

"Біздің корпорацияның басты мақсаты - Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді кең қаржылық қолдаумен қамтамасыз ету, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешендердегі жұмысшылардың өнімділігін арттыру", - деді Ә.Досқараев.

Өз сөзінде спикер "Кең дала", "Агробизнес", "Іскер" және "Жастарға шағын несие беру" сияқты қолданыстағы кредит беру бағдарламалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

"Кең дала" бағдарламасы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу кезінде шаруаларды қолдауға бағытталған және бюджеттік кредит қаражаты есебінен іске асырылуда. Банктер, несиелік серіктестіктер және микроқаржы ұйымдары арқылы қаржыландыру кезінде қарыз алушылар үшін мөлшерлеме жылдық 5% құрайды. Атап айтқанда, Алматы облысы бойынша 17 несие серіктестігімен келісім жасалды", - деді ол.

"Іскер" бағдарламасы стартап-жобаларды және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Осы бағдарлама бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6% құрайды. Бұл ретте қарыздар 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

"Агробизнес" әмбебап бағдарламасы шеңберінде мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі жобалар қаржыландырылады. Несиелер меншікті және тартылған коммерциялық қаражат есебінен беріледі, субсидиялауды ескере отырып, сыйақы мөлшерлемесі 6% - ға дейін төмендейді. Инвестициялық мақсаттарға арналған қарыздың ең ұзақ мерзімі-12 жылға дейін.

"Біз несие беру процесін жеңілдетуге тырысамыз, ол үшін өзіміздің мобильді қосымшамызды іске қостық. Өтініштерді қабылдау, "Іскер" жедел несиелеу бағдарламасы шеңберінде "скоринг" өткізу мобильді қосымша арқылы өтеді. Екіншіден, біз несие алу үшін берілетін құжаттардың санын азайту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ол үшін біз барлық ішкі процестерді автоматтандырамыз. Мысалы, кепіл мүлкін ресімдеу және тіркеу, кепіл-несие алу кезінде келісім-шартты онлайн режимінде алуға болады. Біз сондай - ақ кепілді мүлікті бағалау платформасын жаңарту бойынша жұмысты жүзеге асырамыз", - деп атап өтті Ә.Досқараев.

Өз кезегінде Әмірхан Смайылұлы жастардың көпшілігі ауыл шаруашылығы саласында бизнес жүргізуге қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Ауылдық жерлерде жастар түрлі сервистік орталықтар, дүкендер және т.б. ашады, сондай-ақ мал шаруашылығымен айналысады.  

Мәселен, 21-35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған "Жастарға шағын несие беру" бағдарламасы аясында Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша 6,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, 344 өтінім келіп түсті, оның 223-і 900 млн теңгеден астам сомаға мақұлданды. Бүгінгі таңда 412 млн теңге берілді. Несиелер 5 миллион теңгеге дейін беріледі, бұл ретте сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5% құрайды. Мал шаруашылығын дамыту үшін қарыз беру мерзімі 7 жылға дейін, бизнестің басқа бағыттары үшін 5 жылға дейін.

Бөлісу: