Live
Отандық әйел ғалымдарға арналған академик Н. Базанова атындағы алғашқы сыйлықты салтанатты түрде табыстау
2026 жылы 6 наурызда Алматы қаласындағы Ғылым ордасы ғимаратында, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы алғаш рет отандық әйел ғалымдарға арналған академик Н. Базанова атындағы сыйлықты салтанатты түрде табыстау рәсімін өткізеді.
Іс-шара Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Іс-шараға отандық ғылымның дамуына ерекше үлес қосқан әйел ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ университеттер мен ғылыми ұйымдардың басшылары қатысады.
Базанова Нәйлә Оразғұлқызы (1911–1993) — Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш әйел-академик, биология ғылымының жаңа бағыты — ауыл шаруашылығы жануарлары физиологиясының негізін қалаушы. Ол 1945 жылы қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы биология ғылымдарының докторы, 1946 жылы профессор, 1951 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, сондай-ақ 1946 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері атанды.
Алматы зооветеринарлық институтын бітірген. Әр жылдары ассистент, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, Эксперименттік биология институтының директоры қызметтерін атқарды. 1951–1966 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының биология және медицина бөлімінің академик-хатшысы, ал 1966–1986 жылдары Физиология институтының директоры болды.
Негізгі ғылыми еңбектері ірі қара малдың ас қорыту ерекшелігін, төлдердің өсуі мен физиологиясын зерттеуге арналған. Н. Базанова күйіс қайыратын жануарларда қабырғаға жақын (мембраналық) ас қорыту құбылысын алғаш рет ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Гистофизиологиялық зерттеу нәтижесінде ішек микробүрлерінде және көп бөлімді асқазанның әртүрлі бөліктерінде қоректік заттардың мембраналық ыдырауы жүзеге асатыны анықталды.
Ғалым Ленин орденімен, Октябрь революциясы орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, сондай-ақ екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Н. О. Базанова 1946–1962 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің II–V шақырылымдарының депутаты болып сайланып, V шақырылымда КСРО Жоғарғы Кеңесі Одақ Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
Өтетін күні: 2026 жылы 6 наурыз (жұма), уақыты: 10:00.
Өтетін орны: Алматы қаласы, Ғылым ордасы, Шевченко көшесі, 28.
БАҚ аккредитациясы үшін: Әлиханов Қуантар Дәуленұлы (+7 775 943 0305)