Табиғатты қорғау – ортақ міндет

31 Шілде, 2025

Алматы табиғи аймақтарды өрттен қорғау үшін жаңа шешімдерді қолданысқа енгізе бастады. Бейнемониторинг жүйелері, дрондар мен басқа да арнаулы құралдар таулы аймақтарда шыққан түтінді жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылауы басқармасының бастығы Константин Канин осылай деп мәлімдеді.

Қала ішінде орман алқабы болмағанымен, Алматы қаласында өрт қаупі артқанда ерекше назар аударуды талап ететін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар орналасқан. Бұл – 20 805 гектар Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі, 708,2 гектар «Медеу» табиғи паркі мен 137,7 гектар Баум Рощасы.

Жыл басынан бері қала аумағында құрғақ шөп тұтанған 341 оқиға тіркеліп, оның жалпы алаңы 34,3 гектарға жеткен. Маусымдық күн райын ескере отырып, қалалық және республикалық қызметтер табиғи өрттің алдын алып, қауіп-қатерді барынша азайту үшін кешенді іс-шаралар жүргізе бастады.

«Мониторинг жүргізіп, жедел әрекет ету үшін DJI Air 2S және DJI Matrice 300 сияқты төрт дрон қолданылады. Сонымен қатар, қала әкімдігінің қолдауымен «Медеу» табиғи паркінің аумағында орталықтандырылған бейнемониторинг жүйесі енгізілді. Бұл жүйеде оптикалық-сенсорлық құрылғылар мен үш жылу камерасы бар, олар Шымбұлак, Медеу мен Бутаковка (Шыбындысай) шатқалының аумағында орнатылған. Жабдықтың жалпы құны шамамен 250 миллион теңге», - деп атап өтті Константин Канин.

Өрт қаупін азайту мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті мен қала әкімдігі 237 гектар аумақтағы құрғақ өсімдіктерді отап, 104 шақырым минералданған жолақтар жасады, олар тұрғын үй аумақтарымен шектеседі.

«Сонымен қатар ақпараттық жұмыс пен сақшылық та қоса жүргізіліп жатыр. Қоршаған ортаны қорғау және орман шаруашылығы мекемесінің өкілдерімен бірге 90 рейд жасадық, өрт қауіпсіздігі ережелері туралы 7000-нан астам ескертпе таратылды, ашық жерге от жаққан 19 оқиға анықталып, 17 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдың жалпы көлемі 3 миллион теңгеден асып түсті», - деп атап өтті Константин Канин.

Алматының табиғи аумақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өртке қарсы біріктірілген топ жұмыс істейді: күн сайын 13 адам мен екі техника кезекшілікте болады. Қажет болған жағдайда жеке құрамнан 100 адамға дейін қосымша күш тағы тартылады. Сондай-ақ қызметте 1000-нан астам өрт сөндіру құралы бар, оның ішінде арқалық өрт сөндіргіштер, шөп шабатын құралдар мен орман өрттерін сөндіруге арналған құрылғылар бар. Алматы қаласының 20 өрт сөндіру бөлімшесі де өрт қауіпсіздігін бірге бақылайды.

«Өрт қауіпсіздігіне даярлық – біздің ортақ міндетіміз екенін атап өткім келеді. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтары таулы және орманды аймақтарда барынша абай болуы керек. От жағып, мангалды оңды-солды пайдаланбаңыздар, сіріңке мен темекі тұқылдарын тастамаңыздар, қоқысты, әсіресе әйнек пен пластикті қалдырмаңыздар, құрғақ шөпті өртемеңіздер. Осы бір қарапайым ережелерді сақтау арқылы сіздер табиғатты сақтап,    тыныштықты қамтамасыз етуге сеп боласыздар», - деді Константин Канин.

Бөлісу: