Бостандық ауданында 150 шақырымнан астам инженерлік желі салынады

8 Шілде, 2025

Бостандық ауданында жүйені жаңарту мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту басты міндеттің бірі болып қала бермек. Биылғы жылы су құбыры, кәріз, жылу мен жарық желілерін салып, қайта жаңарту бойынша ауқымды жұмыс қолға алынған. Бұлар ондаған көшені, тұрғын алаптары мен шағын аудандарды қамтып отыр. Жобаланған, іске асырылып жатқан желінің жалпы ұзындығы 150 шақырымнан асады, инвестиция көлемі – 35 млрд теңгеден жоғары. Бостандық ауданының әкімі Санжар Әлин Өңірлік коммуникациялар қызметінде осы жұмыстың барысын баяндады.

Су құбыры мен су бұру жүйесі үздіксіз жұмыс істеуі үшін 2025 жылдың соңына дейін ауданның төрт көшесінде 8 шақырым инженерлік желі қайта жаңартылады. Маусым айында ең үлкен жобаның бірі – тәулігіне 9 мың м³ су өндіретін су алу құрылғысының құрылысы басталды. Бұл жоба ауданның оңтүстік бөлігіндегі 25 мыңнан астам тұрғынды сумен қамтамасыз етпек. Нысанның құны – 10,4 млрд теңге, ол 2026 жылдың соңында аяқталады.

2025 жылдың мамыр айынан бастап төтенше жағдайдың салдарын жою жұмысы жалғасып жатыр: Ушкемпіров, Арайлы, Талды және Орталық көшелерінде шамамен 7 шақырым магистральді су мен кәріз желісі салына бастады. Бұл жоба Аскартау, Ерменсай, Ақтөбе шағын аудандарын, «Ремизовка», «Сакура», «Династия» тұрғын үй кешендерін, сондай-ақ «Ремизовка», «Дружба», «Курортное» бау-бақша серіктестігін қала инфрақұрылымына қосуды көздейді. Жұмыс жылдың соңына таман бітпек.

2025 жылдың қыркүйегінде Нұрлытау шағын ауданынында 63,5 шақырым су құбырымен 33,6 шақырым кәріз желісін салу үшін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын күтіп отыр. Құрылыс қазан айында басталып, 2026 жылдың соңында аяқталады. Жобаның құны – 18 млрд теңге.

Мамыр айынан бастап, жылыту маусымы аяқталғаннан кейін, 7,1 шақырым жылу желісін қайта жаңғырту мен екі сорғы станциясын жаңарту бойынша 15 жоба іске асырыла бастады. Бұл жылу желілері 60,6%-ға тозғандықтан қолға алынған. 5,9 млрд теңгелік жұмыс 2025 жылдың қазанында аяқталмақ.

Жыл басынан бері аудан аумағында көше жарығын жаңарту жұмыстары басталды. 19,6 шақырым ескі кабель ауыстырылып, 70 жаңа бағана мен 2600 шам орнатылды. Бұл жұмыс 80 көше мен 100 ауланы қамтыды. Жыл соңына дейін тағы 40 шақырым кабель желісі ауыстырылып, 230 бағана мен 3 мың шам орнатылмақ. Тамыз айында 65 көшеде жаңа сыртқы жарықтандыру желілерінің құрылысы басталады: 28 км әуе желісі тартылып, 778 бағана мен сонша шам орнатылады. 510 млн теңгелік жобаның аяқталуы 2025 жылдың желтоқсанына жоспарланған.

Инженерлік инфрақұрылымды кешенді дамыту аудан тұрғындарының өмір сапасын айтарлықтай жақсартып, қалалық ортаның тұрақты дамуын қамтамасыз етеді, – деп атап өтті Санжар Әлин.

Бөлісу: