Live
Акушер болу – адам болып қалу: Ардагер маманның өмірлік сабағы.
15 Маусым, 2025
Дүниеге шыр етіп келген әр сәбиді ол алақанына салып, өз перзентіндей аялап ұстайды. Дина апайдың бұл кәсіппен айналысқанына отыз жылдан асыпты. Алматыдағы №5 перзентхананың аға акушері Дина Шауқатқызын әріптестері қазір өз ісінің шебері, ізін басып келе жатқан кейінгі буын өнеге тұтар үлкен маман санайды.
Дина Шауқатқызы Ахметова - жоғарғы санаттағы акушер, ұстаз, жетекші. 30 жылдың ішінде ол кісі талай ананы аман-есен босандырып, қаншама жанға өз қолымен өмір сыйлаған. Дина апайдың жүріп өткен жолы кейінгі жас мамандарға қазір үлкен мектеп болып отыр.
- Мен көршімнің арқасында акушер болдым, - деп күліп еске алды Дина Шауқатқызы. – Аты Юлия Григорьевна болатын. Перзентханада акушер болып жұмыс істеді. Жұмыстан келгенде, жұмысындағы қызықтарды айтып отыратын бізге. Кейін мединицина училищесіне оқуға түсер кезде «акушерка» деген жазуды оқып қалып, бірден акушерлікті таңдадым».
Дина Ахметова еңбек жолын 1990 жылы №3 Қалалық перзентханадан бастаған. Кейін Алматыдағы әртүрлі емханалар мен медициналық орталықтарда жұмыс істеп жүріп, акушерден директордың мейірбике ісі жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілген.
- Қиындықтар болды, әрине, - деп еске алды ол. – Өзім қабылдаған ең алғашқы толғақ есімнен кетпейді. Бірнеше рет құрсақ көтерген бір келіншек келді, баласы шала туды. Бәрі жылдам болғаны соншалық, қалай оны лып еткізіп босандырғанымды білмей қалыппын. Бір қарасам, бала қолымда тұр екен. Осы сәт әлі есімде.
Акушердің жұмысында қуаныш пен күйзеліс қатар жүреді. Бұл жерде ең керек нәрсе – қобалжымай, бәрін тап-тұйнақтай етіп істеу. Бұл мамандықтағы ең керек қасиет – сабыр сақтап, ширақ қимылдау.
- Адам қобалжамай, бәрін тиянақты істеуі керек. Тәжірибе жинаған сайын өзіңе сенімді бола түсесің. Жас мамандарға айтарым – сасқалақтамай, әр кез өзіне сенімді болсын,- дейді Дина Шауқатқызы.
Сол оқиғадан бері 32 жыл зу етіп өте шығыпты. Қазір Дина Шауқатқызы №5 перзентхананың аға акушері болып еңбек етіп жүр. Әр күні жаңа кезекшілерді қабылдап, оларға құрал-сайманын даярласып, қашан көрсең де толғағы ауыр болған келіншектерге қол ұшын беріп, соларға ақыл-кеңесін айтып жүреді. Өзі әлі күнге дейін бір орында тоқтап қалмай, жаңа технологияның тілін үйреніп, біліктілігін де жетілдіріп келеді.
- Осы мамандықты таңдағаныма өкінген жоқпын өзім. Шыр етіп дүниеге келген әр сәбиді қолыма алған сайын жан-дүнием жадырап сала береді. Сәбидің дүниеге келген сәттегі алғашқы демі, жылаған дауысы.. Оның бәрін сөзбен айтып жеткізу қиын. Сондықтан жас акушерлер ештеңеден тайсалмауы керек. Бәріміз осындай өмірдің өткелінен өтіп барып тәжірибе жинадық, үлкен ұстаз болдық. Ұстаз болсаң да, «болдым, толдым» деуге болмайды,- дейді ол.
Дина Ахметованың осы уақытқа дейін алған марапаттарының өзі бір төбе: «Мейірбике ісіне жаңа технологияларды ендіргені үшін» аталымындағы ғылыми жұмысы үшін Алматының Денсаулық сақтау басқармасынан II санаттағы диплом; Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің грамотасы; Республикалық қоғамдық кеңестің «Медицинаның үздік қызметкері» деген құрметті атағын да алған.
- Марапат мақтаныш қана емес, үлкен жауапкершілік те онымен бірге, - дейді ардагер акушер.
- Медицина қызметкері науқас адамға жылы қабақ танытып, оның тілін таба білуі керек. Бұл – біздің кәсібімізідң өзегі. Әр әйелге сенім ұялата білу керек. Сонымен қатар, барлық әріптесімді Медицина қызметкерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әрдайым сыйлы, сабырлы болыңыздар. Медицинамыз дами берсін, емхананың табалдырығынан аттаған әр науқас дертіне шипа тауып кетсін.
Акушер болу – адам болып қалу деген сөз. Бұл – өмір жолы осы саламен біте қайнасқан, көрген-түйгені көп ардагердің ақыл-кеңесі.