Алматыда Құрбан айт кезінде құрбандық шалатын орындар анықталды

4 Маусым, 2025

Биыл қасиетті Құрбан айт мейрамын мұсылмандар 6, 7 және 8 маусым күндері атап өтеді. Алматының жеті ауданында осыған орай үлкен мешіттерге жақын жерде құрбан шалатын 12 арнаулы орын ашылды. Қаланың бас имамы Төлеби Оспан мен Дін істері басқармасының бөлім басшысы Досхан Рахметілдаев  Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде осылай деп хабарлады.  

 

6 маусым күні таңғы сағат 06:00-де қаланың 56 мешітінде Айт намазы оқылады. Намаздан кейін бірден құрбандық шалу рәсімі басталады.

 

«Құрбан айт — бұл жай ғана рәсім емес, бұл – жанашырлық пен сауапты іс. Бұл күндері мұқтаж жандарға қол ұшын созып, бауырмал болып, ізгілікке ұмтылған дұрыс. Қаламыздағы тұрғындардың барлық игі ниеті мен амалын Алла қабыл етсін», — деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан.

 

Оның айтуынша, жылдағыдай арнаулы орындарда мал сатылып, құрбандық шалынып, ет таратылады. Барлық орын таза, шариғат нормаларына да сай келеді. Діни рәсімді мешіттің қызметкерлері бақылап отырмақ.

 

Сондай-ақ, қаладағы 56 мешітте мұздатқыш орнатылып, етті тоңазытатын көліктермен де қамтамасыз етілген. Қала тұрғындары шалған құрбандығын жақын маңдағы мешітке апарып, қайырымдылыққа арнаса да болады.

 

Досхан Рахметілдаевтың айтуынша, барлық жерде құқық қорғау органдарының, санитарлық қызметтің және ветеринарлық бақылау инспекциясының мамандары кезекшілік атқарады. Олар мал сойған кезде санитарлық талаптың сақталуын қадағаламақ. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіп күшейіп, рұқсат етілмеген жерде заңсыз сауда жасауға жол бермейді.

 

Сонымен қатар, qurban.muftyat.kz онлайн-сервисы ашылған. Бұл сайт арқылы қашықтан құрбан шалуға тапсырыс беріп, оны бақылай аласыз. Сондай-ақ, ет алғысы келген мұқтаж жандар да осы сайт арқылы өтініш бере алады.

 

Діни шаралардан бөлек, дәстүрлі мерекелік бағдарлама да жоспарланған. Құрбан айт мерекесіне орай барлық мешіттерде киіз үйлер тігіліп, мерекелік дастархан жайылады, ұлттық спорт ойындары өткізіледі. Балаларға батуттар, тәттілер мен түрлі ойындар дайындалған. Сонымен қатар, дін қызметкерлері балалар үйіне барып, бүлдіршіндерге сыйлықтар табыстап, оларды айт мерекесімен құттықтамақ.

 

Алматы қаласында құрбан шалу рұқсат етілген орындардың тізімі:

 

Алатау ауданы бойынша:

1. «Мырзахмет» мешіті. Қарасу ш/а, Солтүстік айналма жолы көшесі, 15.

2. «Әскер ата» мешіті. Айгерім-1 ш/а, Бенберин көшесі, 18/4.

3. «Алғабас» мешіті. Алғабас ш/а, Сайгүбе көшесі, 6.

 

Бостандық ауданы бойынша:

1. «Бақыткелді» мешіті. Хан-Тәңірі ш/а, Дулати көшесі, 27/11.

 

Медеу ауданы бойынша:

1. «Омар ибн әл-Хаттаб» мешіті. Жуков көшесі, 136 А.

2. «Аманқұл ата» мешіті. Т. Бигелдинов көшесі, 5.

3. «Фатима» мешіті. Ш. Жәнібек көшесі, 148.

4. «Райымбек батыр» мешіті. Думан-1 ш/а, Хан Тәңірі көшесі, 15.

5. «Арафат» мешіті. Ибрагимов көшесі, 5 А.

 

Наурызбай ауданы бойынша:

1. «Қалқаман-2» мешіті. Қалқаман-2 ш/а, Аспандияров көшесі, 84.

 

Түрксіб ауданы бойынша:

1. «Қайрат» мешіті. Қайрат ш/а, Сарымолдаев көшесі, 22.

 

Жетісу ауданы бойынша:

1. «Әл-Мәдина» мешіті. Федоров көшесі, 12.

Бөлісу: