Live
Алматыда Жеңіс күні 70-тен астам іс-шара өтіп, 21 ардагер 5 млн теңгеден алмақ
30 Сәуір, 2025

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов жеңістің 80 жылдығына орайластырылған басты-басты іс-шараларды атап өтті.
Қалада қазір соғысқа қатысқан 21 ардагер мен 6 мың тыл еңбеккері бар. Спикердің айтуынша, олардың бәрі мемлекеттік жәрдемақы алмақ. Жеңістің құрметіне орай әр ардагер 5 млн теңгеден, тыл еңбеккерлері 100 мың теңгеден алады.
Жеңіс күні Алматыда ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастыру жоспарланып отыр. Мәдени, әлеуметтік, спорттық және әскери-патриоттық бағытта 76 үлкен-үлкен іс-шаралар өткізілмек.
9 мамыр күні ең басты шара 28 панфиловшылар атындағы парктегі Мәңгілік алауға гүл шоғын қоюдан басталмақ. Осы жерде ардагерлер, қала тұрғындары, ардагерлер мен жастар ұйымының өкілдеріне арнап соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, ардагерлер соғыс кезіндегі көрген-білгендерін әңгімелеп, қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алысады.
Сондай-ақ, 9 мамыр күні Алматыда әкімдіктің қолдауымен ардагерлер ұйымдары «Батырларға тағзым» атты патриоттық акция өткізеді. Іс-шара 10:15-те басталып, көпшілік Орталық демалыс паркінен 28 панфиловшылар атындағы паркке дейін жаяу жүріп өтіп, Мәңгілік алауға келіп салтанатты түрде гүл шоғын қоймақ.
«Бірлік – мемлекеттің тұтастығының кепілі. Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз. Қазақстанның болашағына да бәріміз бірдей жауаптымыз», – деді Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Мұрат Әбдішүкіров.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акция отансүйгіштікке баулиды. Сондықтан олар тұрғындарды жалған ақпаратқа сенбеуге және ақпаратты тек ресми көздерде тексеруге шақырды.
«Мерекелік іс-шараға ешнәрсенің кесірі тимеуі керек. Тек ресми ақпаратқа ғана сеніп, тәртіп сақтап, аталарымыздың ерлік істерін құрметтеуге шақырамын», – деп толықтырды Қазақстанның генералдар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Сәрсеков.
Әсіресе жастардың патриоттық тәрбиесіне өте көп көңіл бөлініп отыр. Осыған орай оқу орындарында «Ардагер өсиеті», «Батырдың ұрпағымын» деп аталатын әскери-патриоттық акциялар өтуде.
«Жеңістің 80 жылдығына орай, қалада биыл 1975 жылдан бері алғаш рет Даңқ мемориалы толық жаңартылды. Бұдан бөлек, ашық аспан астындағы әскери техника музейін ашу жұмыстары да аяқталып, Армия үйіндегі әскери-тарихи музей де қайта жаңартылды», - деп қосты Ахан Бижанов.
Президенттің қаулысы бойынша «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы» деп аталатын мерейтойлық медаль да бекітілген. Алматыда 6200 адам осы медальмен марапатталмақ.
Ардагерлерге осыншалықты көңіл бөліп, ескеріп жатқан қала билігіне ұйымдастырушылар ризашылық білдіріп, қазақстандықтарды алдағы мерекелер – Жеңіс күні мен Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады.