Алматыда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен бюджеттік шығындарға бақылау күшейтілуде

18 Сәуір, 2025

Алматыда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен қала әкімдігі тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және бюджеттік қаражатты басқарудың тиімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Арман Рахимов өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында айтты.

Маңызды шаруаның бірі -  әкім Ерболат Досаевтың тапсырмасымен қолға алынып, қала мәслихаты бекіткен қала құрылысы регламенті мен құрылысқа байланысты жаңа ережелердің күшіне енуі болды. Бұл құжаттар экологиясы жағынан қаланың таза және қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

«Бұл – қаланың тарихында алғаш рет қабылданып, 2025 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енген ресми құжаттар. Олар құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған», – деді Арман Рахимов.

Оның айтуынша, жаңа нормалар құрылыстың тығыздығы мен биіктігін, жер учаскелерін пайдалануды, сондай-ақ жасыл аймақтар мен табиғи ландшафтарды қорғауды нақты реттейді. Цифрлық құралдар, интерактивті карталар мен автоматтандырылған рәсімдерді енгізу адами фактордың әсерін едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

Арман Рахимовтың мәліметінше, биыл 12 нысанға қатысты шаралар қабылданған, олардың екеуі толығымен немесе ішінара бұзылған. Бұлар – құрылыс нормаларын бұзып салған тұрғын үй кешендері, клуб үйлері мен қонақүйлер.

Сонымен қатар, спикердің айтуынша, қалада мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне мониторинг жүргізу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.   

Қалалық мобильділік басқармасы жол жөндеу жұмыстарын келісу алгоритмін енгізіп, кепілдік мерзімін ұлғайтты:

жаңа жол құрылысына - 3 жылдан 7 жылға дейін;

орташа жөндеуге - 3 жылдан 5 жылға дейін.

«Мұндай шаралар бізге жобаларды жүзеге асыру сапасын арттырып қана қоймай, ашықтық пен есептілік арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді ведомство басшысы.

Бөлісу: